Forte Challenger 100. Маккензи Макдональд жеңімпаз атанды

01.03.2021    Оқылғаны: 466
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
28 ақпанда Нұр-Сұлтанда үлкен теннистің бірінші аптасы аяқталды: Forte Challenger 100 турнирінің жекелей сынында шешуші кездесу өтті. Маккензи Макдональд өз мансабындағы ATP Challenger Tour сериясының үшінші титулын қоржынға салды. Финалда ол  австриялық Юрий Родионовты 6:1, 6:2 есебімен ойсырата жеңді.

Турнирдің бас жүлдесі сарапқа салынған кездесуге қос теннисші жақсы дайындықпен шықты. Родионов ойынды сенімді бастаған. Ол бірінші геймде америкалықтың допты ойынға қосуында екі брейк-пойнт еншіледі, алайда Маккензи екі мәрте қарымта жасап, таразы басын теңестірді, ал келесі ретте күшті форхендпен кездесу нәтижесіне нүкте қойды. Брейкті жүзеге асыра алмаған Родионовтың жүйкесі сыр берді, ол қатарынан екі геймді қарсыласына беріп қойды. Макдональдың корт бұрышына қарай берген доптары Родионовты әбігерге салды. Бірінші партия есебі- 6:1.
Маккензи агрессивті, қарқынды ойынын кездесу аяғына дейін бәсеңдеткен жоқ. Ол ұпай санын еселеген сайын, австриялық шарасыз күйге түсті. Макдональд өз кезегінде жинақы ойнап, ойын тізгінін уысынан босатқан жоқ. Әбден салы суға кеткен Родионов жеңілісін мойындауға мәжбүр болды, Екінші сеттегі есеп - 2:6.



Марапаттау рәсімінде жеңімпаз жақсы финал үшін қарсыласына және Forte Challenger 100 ұйымдастырушыларына жарқын әрі қызықты турнир үшін алғысын білдірді.



«Нұр-Сұлтанға қайта ат басын тіреп, бабым мен бағымды сынау мүмкіндігін қуана қабылдадым.  Былтыр қазан айында Astana Open 2020 турнирінде мен ширек финалға дейін жетіп, қарсыласымнан жеңіліп қалдым. Қазақстан астанасына жасаған екінші сапарым сәтті аяқталды. Қонақжай елде өткізген әр бір минутым ерекше өтті», - деді америкалық теннисші марапаттау рәсімінде.

Forte Challenger 100 жеңімпазы Маккензи активіне рейтингтік 100 ұпай жаздырып, 14 400 долларға иелік етті.

Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация демеушілері мен серіктестері

Ақпараттық серіктестер