Маккензи Макдональд: «Бауырсақтың дәмі тіл үйіреді»

25.02.2021    Оқылғаны: 1230
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Америкалық теннисші Маккензи Макдональд Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында турнирдегі алғашқы екі матчта жеңіске қалай жеткені және соңғы Australian Open жарысындағы табысты жолы туралы әңгімеледі.

Маккензи, Forte Challenger 100 турнирінің ширек финалына шығуыңызбен құттықтаймыз. Истоминге қарсы өткен ойын көңіліңізден шықты ма?  Екінші сеттің басында қарсылас брейк жасаған тұста қиындық туғандай болды.

Әрине, ширек финалға шыққаныма қуаныштымын. Өзбекстанның бірінші ракеткасын жеңдім. Матч оңай болған жоқ, әсіресе екінші партияның бас жағы. Әйтсе де қарсыласыма қарағанда менің жолым болды, жекпе-жекті өз пайдама шештім. 

Бірінші айналымда сіз турнирдің бірінші нөмірі қазақстандық Михаил Кукушкинді екі сет қорытындысымен жеңдіңіз.  Жеңістен кейін не сезіндіңіз?

Мен үздік жүздікке кіретін ойыншыларымен кортта бірнеше рет кездестім, және бұл кездесулердің барлығы дерлік маған оңай тимейтін. Кукушкинмен болған ойында менің сәл қобалжығаным рас, бірақ салқынқандылық танытып, тез жиналдым. Жарыстың бас фаворитін және Қазақстанның ең мықты теннисшілерінің бірін жеңгеніме қуаныштымын.

Сіз маусымды керемет бастадыңыз, Австралия ашық чемпионатының 1/8 финалына жеттіңіз және қазір Нұр-Сұлтанда да жақсы нәтиже көрсетудесіз. Қазіргі бабыңыздың сыры неде?

Осы нәтижеге қол жеткізу үшін мен көп нәрсені бастан өткердім. 2019 жылы ауыр жарақат алдым, денсаулығымды қалпына келтіру үшін 8 ай қажет болды, жаттығуларға да оралу оңай болмады. Кортағы бірінші ойындар жүрмей қойды, бірақ мен мойығам жоқ. Қайсарлықтың арқасында өзіме тән жеңіс жолын таба білдім.

Қазақстан астанасына екінші келуіңіз. Қаламыз қалай екен, тоңып қалмадыңыз ба?

Мен Орландода тұрамын, ол жақта әрдайым күн ашық және жылы. Нұр-Сұлтанға келгеннен кейін, шынымды айтсам, жеңіл шок алдым, себебі мұндай суықты өмірімде көрмедім (күледі). Жергілікті адамдардың мейірімділігі мен жылы шырайлығы ұнайды. Турнир ұйымдастырушылары да керемет жұмыс атқарған. Маған ұсынылған тағамдар қаты ұнады, әсіресе бауырсақтардың дәмі тіл үйіреді. Шағымдануға еш себеп жоқ.

Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер