Скатов пен Попко «Beeline Open Challenger 80 Almaty» турнирінің жартылай финалына шықты

11.06.2021    Оқылғаны: 166
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Қазақстандық Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов Алматы челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Дүниежүзілік рейтингте 399-орында тұрған 20 жастағы Скатов ширек финалда әлемнің 327-ракеткасы, франциялық Эван Фернеспен күш сынасты. Бірінші партияда франциялық теннисші басым болды – 6:4. Екінші сетте тай-брейкте қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:8). Үшінші, шешуші партияда Т.Скатов шеберлігін таныта білді– 6:4. Аса тартысты өткен бәсеке 3 сағат 5 минутқа созылды. Т.Скатов финалға шығу үшін әлемнің 279-ракеткасы, тайбэйлік Цзэн Цзэнмен таласады. Ол ширек финалда екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта болгариялық Димитар Кузмановты жолдан тайдырды – 7:6 (7:1), 6:3. 

Дүниежүзілік рейтингте 195-орында тұрған Д.Попко ширек финалда әлемнің 108-інші, осы доданың 1-ракеткасы, словакиялық Андрей Мартинмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық теннисші есеп 5:4 болғанда сетке доп бергенімен, оны пайдалана алмады. Дегенмен қайыра брейк жасап, екінші мүмкіндігін мүлт жібермеді – 7:5. Д.Попко екінші сетті де брейкпен бастап, алға кетті. Ақыры сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4. Тартысты бәсеке 1 сағат 42 минутқа созылды. Д.Попко финалға шығу үшін рейтингте 259-сатыдағы бельгиялық Зизу Бергспен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 174-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, отандасы Киммер Коппеянсты 6:3, 2:6, 6:4 есебімен ұтты.

Егер Д.Попко мен Т.Скатов жартылай финалда қарсыластарын жеңсе, финалда өзара кездеседі.


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация демеушілері мен серіктестері

Ақпараттық серіктестер