Шымкентте 25 елдің спортшылары қатысатын ATP Challenger 50 халықаралық теннис турнирлерінің сериясы өтеді

13.04.2026    Оқылғаны: 247
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Шымкент қаласында жыл сайынғы дәстүрлі ATP Challenger 50 халықаралық турнирлер сериясы басталады. Кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) күнтізбесіне енген бұл дода – әлемдік рейтингтегі ұпайларын түгендеуді көздейтін спортшылар үшін маңызды кезең. Биыл Шымкенттегі турнирлер сериясы екі кезеңде ұйымдастырылады: біріншісі – 19-25 сәуір, екіншісі – 26 сәуір мен 3 мамыр аралығында өтпек.

Турнирдің негізгі кестесінде әлемнің 25 елінен келген теннисшілер бақ сынайды. Қатысушылардың көптігі бәсекелестікті арттырып, көрермендерге топырақ (грунт) кортындағы тартысты ойындарды тамашалауға мүмкіндік береді.

Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Жанкүйерлер мен мамандар тарапынан еліміздің жас таланттары – Амир Омарханов пен Заңғар Нұрланұлының өнеріне ерекше қызығушылық байқалуда. Олар үшін өз елімізде өтетін Challenger сериясының турнирлері – жасөспірімдер деңгейінен ересектер арасындағы кәсіби турға өтудегі маңызды қадам.

Сонымен қатар, жарыс жолында Қазақстан ұлттық құрамасының тәжірибелі мүшелері – Тимофей Скатов, Денис Евсеев және Григорий Ломакин өнер көрсетеді. Шеберлігі шыңдалған теннисшілердің қатысуы турнирдің деңгейін мейлінше арттыра түспек.

ATP Challenger 50 Shymkent жобасы еліміздегі теннис мәдениетін дамытуға және отандық спортшыларды қолдауға бағытталған. Бұл жарыстар қазақстандық ойыншыларға шетелге шықпай-ақ, өз корттарымызда жоғары деңгейдегі қарсыластармен тәжірибе алмасуға және ATP рейтингтік ұпайларын жинауға мүмкіндік береді.

Турнирлер сериясы Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда. Барлық матчтар ATP стандарттарына сай келетін, заманауи ашық грунт корттарымен жабдықталған Халықаралық теннис орталығының базасында өтеді.
 


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер