Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны Алматыда салтанатты түрде қарсы алды

26.11.2026    Оқылғаны: 98
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:

Қазақстан әйелдер теннис құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина тарихи маусымнан кейін елге оралды. Биыл ол кәсіби мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

Алматы халықаралық әуежайында теннисшіні қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығымен салтанатты түрде қарсы алды. Даңқты спортшыны қарсы алып, айтулы жетістіктерімен құттықтауға жас теннисшілер де келді. Рыбакинаның елге оралуы теннис жанкүйерлері мен өскелең ұрпақ үшін нағыз мерекеге айналды. Елена – жас спортшылар үшін мақсаткерліктің, еңбекқорлықтың және спорттық шеберліктің үлгісі.
 


2026 жылғы маусым Елена Рыбакинаның кәсіби мансабындағы ең табысты кезең болды. Қазақстандық теннисші төрт турнирде жеңімпаз атанды, оның екеуі – «Үлкен дулыға» додасы. Жыл басында Елена Австралияның ашық чемпионатында (Australian Open) топ жарса, қыркүйекте мансабында алғаш рет АҚШ-тың ашық чемпионатының (US Open) жеңімпазы атанды. Екі турнирдің де финалында Рыбакина Арина Соболенконы жеңді.

Сонымен қатар қазақстандық теннисші Германияның Штутгарт және Қытайдың Нинбо қалаларында өткен WTA 500 санатындағы турнирлерде жеңіске жетіп, Индиан-Уэллс пен Торонтодағы WTA 1000 санатындағы жарыстардың финалына шықты. Жалпы маусым барысында Елена 54 жеңіске қол жеткізді.

2026 жылғы 14 қыркүйекте Рыбакина алғаш рет Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде көш бастап, маусым соңына дейін бірінші орнын сақтап қалды. Ол күнтізбелік жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтаған Қазақстан теннисі тарихындағы алғашқы спортшы және WTA тарихында осындай жетістікке жеткен 17-ші теннисші атанды.

Қазақстанда болған кезінде Елена Рыбакина жас теннисшілерге шеберлік сабағын өткізіп, өз тәжірибесімен бөліседі және отандық теннистің болашақ жұлдыздарымен жүздеседі.



Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер