
Almaty Open – 2026: тарихи жетістіктер, әлемдік теннис жұлдыздары және халықаралық мойындау
2026 жыл Almaty Open ATP 250 халықаралық теннис турнирінің тарихындағы айтулы кезең болды. Қазақстанда әлемнің үздік теннисшілерінің басын қосқан жарыс ATP Awards сыйлығының қорытындысы бойынша алғаш рет өз санатындағы жылдың үздік турнирі атанды.
17-25 қазан аралығында Алматы әлемдік теннис жанкүйерлерінің бас қосатын орнына айналды. Тоғыз күн бойы Almaty Arena төрінде ATP Tour жұлдыздарының қатысуымен тартысты кездесулер өтіп, турнир Қазақстандағы ең ауқымды халықаралық спорттық іс-шаралардың біріне айналды.
Astana Open-нен ATP 250 санатындағы үздік турнирге дейін
Қазақстандағы ATP Tour жарыстарының тарихы 2020 жылы басталды. Сол жылы Астана алғаш рет ATP 250 санатындағы халықаралық турнирді қабылдады. 2022 жылы жарыс ATP 500 мәртебесіне ие болса, 2024 жылдан бастап Алматыда өткізіліп келеді.
Жеті жыл ішінде турнир ATP күнтізбесіне жаңадан енген жарыстан әлемдік теннистегі ең беделді ұйымдастырушылық марапаттардың біріне ие болған додаға айналды.
Әр жылдары турнирде Новак Джокович, Карен Хачанов, Адриан Маннарино, Джон Миллман, Квон Сун У және Даниил Медведев чемпион атанды.
Әлемдік теннис жұлдыздарының басын қосқан дода
2026 жылы Almaty Arena корттарында әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, US Open чемпионы Даниил Медведев, «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін финалисі Стефанос Циципас, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Карен Хачанов, Андрей Рублев, Олимпиада чемпионы Томаш Махач, Лучано Дардери және әлемдік теннистің өзге де үздік өкілдері өнер көрсетті.
Қазақстандық жанкүйерлер ерлер құрамасының көшбасшысы Александр Бубликтің ойындарына ерекше назар аударды. Ширек финалда Карен Хачановты тартысты кездесуде жеңген отандасымыз жартылай финалға дейін жетті. Алайда тізесінен алған жарақатына байланысты чемпиондық атақ үшін күресті жалғастыра алмады.
Қазақстан теннисінің жас буын өкілдері, соның ішінде Заңғар Нұрланұлы мен Әмір Омарханов та өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Мұндай деңгейдегі жарысқа қатысу жас спортшылардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жол ашады.
Даниил Медведевтің тарихи жеңісі
Almaty Open 2026 турнирінің жекелей сынында Даниил Медведев чемпион атанды. Финалда ол грузиялық теннисші Николоз Басилашвилиді 6:7 (6:8), 6:1, 6:3 есебімен жеңді.
Бұл жеңіс спортшының мансабында да, турнир тарихында да ерекше орын алды. Медведев Қазақстанда өткен ATP Tour жарыстарының жекелей сынында екі рет чемпион атанған алғашқы теннисші болды. Сондай-ақ ол кәсіби мансабында алғаш рет чемпиондық атағын дәл Алматыда қорғап қалды.
Бұл – Медведевтің мансабындағы 25-ші және 2026 жылғы маусымдағы төртінші жүлдесі.
Турнирдің басты жаңалықтарының бірі Николоз Басилашвилидің сәтті өнер көрсетуі болды. Іріктеу кезеңінен жарысты бастаған грузиялық теннисші жартылай финалда Стефанос Циципасты жеңіп, финалға дейін жетті.
Жұптық сында yндістандық Юки Бхамбри мен америкалық Райан Сеггерман жеңімпаз атанды.
Михаил Кукушкиннің кәсіби мансабымен қоштасуы
Almaty Open 2026 турнирінің ең әсерлі сәттерінің бірі Қазақстан ерлер теннисінің тәжірибелі әрі көрнекті өкілдерінің бірі Михаил Кукушкиннің кәсіби мансабын аяқтауы болды.
Қазақстандық теннисші өзінің соңғы кездесуін отандық жанкүйерлерінің алдында Стефанос Циципасқа қарсы өткізді.
Михаил Кукушкин ұзақ жылдар бойы Қазақстанның намысын «Үлкен дулыға» турнирлерінде, Олимпиада ойындарында және Дэвис кубогында қорғады. Оның Алматыдағы соңғы кездесуі үлкен спорттық мансаптың және отандық теннис тарихындағы маңызды кезеңнің символдық қорытындысы болды.
Халықаралық деңгейдегі жоғары баға
Almaty Open 2026 турнирінің басты жетістігі тек спорттық нәтижелермен шектелген жоқ. ATP Awards сыйлығының қорытындысы бойынша қазақстандық жарыс алғаш рет ATP 250 Tournament of the Year марапатына ие болып, өз санатындағы 29 турнирдің арасында үздік атанды.
Жеңімпаз кәсіби теннисшілердің дауыс беруі арқылы анықталды. Спортшылар жарыстардың ұйымдастырылу деңгейіне, инфрақұрылымына және қатысушыларға жасалған жағдайға баға берді.
Almaty Open Швецияда өтетін екі танымал турнирді – Бостадтағы Nordea Open мен Стокгольмдегі Stockholm Open жарыстарын басып озды.
Өзге санаттарда Rolex Shanghai Masters (ATP Masters 1000) және Qatar ExxonMobil Open (ATP 500) турнирлері үздік деп танылды. Осылайша, Алматы 2026 жылы ATP Tour аясында өз санатындағы жылдың үздік турнирін қабылдаған үш қаланың қатарына енді.
Ұйымдастырудың әлемдік стандарттары
2026 жылы турнир инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруге және спортшыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді.
Қатысушылардың иелігінде жаттығу корттары, заманауи киім ауыстыру бөлмелері, демалыс және қалпына келу аймақтары болды. Теннисшілерге арналған кеңістік ұлғайтылып, ашық терраса жабдықталды.
Michelin гидінің үш жұлдызына ие мейрамхананың француздық бас аспазы Фабьен Ферренің қатысуымен әзірленген гастрономиялық бағдарлама да турнирдің ерекшеліктерінің біріне айналды.
Спортшыларға жасалған қолайлы жағдай, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету, заманауи спорттық инфрақұрылым және қазақстандық қонақжайлылық Almaty Open турнирінің халықаралық табысына негіз болды.
Теннистен де ауқымды шара
Almaty Open кәсіби спорттық жарыс ретінде ғана емес, мәдени-ойын-сауық іс-шарасы ретінде де дамып келеді.
Турнир қонақтарына интерактивті алаңдар, қолтаңба сессиялары, шоу-бағдарламалар, түрлі байқаулар мен серіктестердің арнайы іс-шаралары ұсынылды.
Жанкүйерлер кәсіби теннис әлемімен жақынырақ танысып, сүйікті спортшыларымен кездесіп, үлкен спорт мерекесінің бір бөлігіне айналу мүмкіндігіне ие болды.
Almaty Open 2026: сандар мен деректер
-
Қазақстан тарихындағы ATP Tour аясында өткен 7-ші турнир;
-
Алматыда ұйымдастырылған 3-ші жарыс;
-
9 күнге созылған кәсіби теннис додасы;
-
жекелей сынның негізгі кезеңінде 28 теннисші;
-
жұптық сынның негізгі кезеңінде 16 жұп;
-
1 млн АҚШ долларынан асатын жүлде қоры;
-
жеңімпазға берілетін 250 ATP рейтингтік ұпайы;
-
Даниил Медведевтің финалдық кездесудегі 22 эйсі;
-
турнир тарихындағы жекелей сынның алғашқы екі дүркін чемпионы;
-
ATP 250 Tournament of the Year марапатына алғаш рет ие болуы;
-
өз санатындағы 29 турнирдің арасында 1-орын.
Дамудың жаңа кезеңі
Almaty Open турнирінің ATP 250 санатындағы үздік жарыс атануы – Қазақстан теннис федерациясының, ұйымдастыру комитетінің, серіктестердің және жарысты өткізуге атсалысқан барлық мамандардың жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Бүгінде Almaty Open Қазақстанның халықаралық спорттық беделін нығайтуға, елімізде теннисті кеңінен насихаттауға және отандық спортшылардың жаңа буынының дамуына ықпал етіп келеді.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























