Қытайды жеңіп, қыр астық
11.04.2017 Views: 599
Source:
Author:
Source:
Author:
Сайыстың шымылдығын Михаил Кукушкин мен У Ди ашты. АТР жариялаған тізімге көз жүгіртсек, біздің Кукушкин – 77-ші, ал У Ди – 219-шы орынға жайғасқан екен. Дегенмен, рейтингтегі алшақтыққа қарамастан, кездесу тартысты өтті. Алғашқы сетті жеңіспен бастаған жерлесіміз, келесі кезеңде күтпеген жерден қарсыласына есе жіберді. Бұл жерде қытайлық спортшының жанкештілігін айта кеткен жөн. Бойының қысқалығына қарамастан, ол қарсыласының ойластырған әдісін дер кезінде байқап, қарсы соққы жасап та үлгерді. Нәтижесінде, екінші кезеңді өз пайдасына шешті. Әйткенмен, тәжірибенің арқасында М.Кукушкин өзінен төрт жас кіші әріптесінен 6:2, 3:6, 6:3, 6:2 есебімен басым түсті.
Қытай жанкүйерлерінің көңілін күпті еткен бірінші кездесуден кейін, Қазақстан намысын қорғаған Дмитрий Попкоға Аспанасты елінің №1 теннисшісі Цзэ Чжан қарсы шықты. Бірден айтайық, Попко 3:0 есебімен жеңіске жетіп, бірінші күннің қорытындысы бойынша есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда, таблодағы көрсеткішке қарап, жеңіс біздің теннисшіге оңай келді деп айтуға ауыз бармайды. Себебі, Цзо Чжан алғашқы екі сетте жеңілгеніне қарамастан, үшінші кезеңде тайталасып жүріп кездесуді тай-брейкке дейін жеткізді. Дегенмен, біздің теннисші қарсыласынан 6:3, 6:4, 7:5 есебімен басым түсіп, 1 сағат 51 минутқа созылған бәсекеге нүкте қойды.
Жарыстың екінші күні жұптасып өнер көрсетуде Андрей Голубев пен Александр Недовесов Бай Янь мен Мао-Синь Гунге қарсы кортқа шықты. Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие бола тұра, жерлестеріміз бірден керемет ойын көрсете алған жоқ. Өйткені, бұл күні қытайлықтар ә дегеннен-ақ алғашқы кезеңді өз пайдасына шеше алды. Осылай жалғаса берер деп ойласа керек, шығыстағы көршілеріміз сәл сылбырлық танытқан еді, тез есін жиып үлгерген Голубев/Недовесов жұбы қатарынан бес геймде жеңіске жетіп, жиналған жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
Ұзақ әрі ауыр болған екінші айналымда біздің жігіттер 6:1 есебімен басым түсті. Қазақстандықтардың өз жеріндегі сенімділігі қарсыластарын есеңгіретіп тастаса керек, Қытай спортшылары төртінші-бесінші кезеңде тіптен өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Қытай мақтаныштарының бірі Мао-Синь кездесу барысында қаншалықты әрекет жасағанымен, оның көп жоспары орындалмады. Нәтижесінде, 3 сағатқа созылған кездесуде төреші 3:6, 6:1, 5:7, 6:1, 6:3 есебімен жерлестеріміздің жеңіске жеткенін хабарлады. Сөйтіп, Диас Досқараев жетекшілік ететін құрама жарыстың алда болатын екі кездесудің нәтижесіне қарамастан, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Турнирдің соңғы күнінде екі матч ойналды. Алғаш болып кортқа Александр Недовесов шығып, Цзэ Чжанға есе жіберді. Ал құрамаға енді қосылған 20 жасар Дмитрий Попко 6:7, 7:5, 7:6 есебімен жеңіске жетті.
Иә, жігіттер марапатқа лайық болды. Өйткені, теннисшілеріміз әлемдегі Дэвис Кубогының плей-офф кезеңіне жолдама алып отыр. Енді құрама жігіттері биыл күзде Ресей, Хорватия, Чехия, Швейцария, Жапония, Канада, Германия, Аргентина командаларының бірімен негізгі кезеңге шығу үшін бақ сынайды.
Диас ДОСҚАРАЕВ,
Қазақстан құрамасының капитаны:
– Сөз жоқ, жақсы матч болды, жігіттер жарады. Әсіресе, командаға жаңадан қосылған 20 жасар Дмитрий Попко құрамаға екі ұпай сыйлады. Бұл жігіт сенімді ақтады. Соңғы кезде шетелдік бапкерлерді шақырып, құрамасын күшейтіп алған Қытайға қарсы шығу оңайға соқпады. Бірақ, жеңіске жетіп, келесі кезеңге шығып отырмыз. Ең бастысы – осы. Аз-кем қателіктер орын алғанымен, алдағы уақытта оны түзейтін боламыз. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге мың алғыс. Сол жанкүйерлердің арқасында жеңіске жеттік.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан»
For more information, please follow our social media accounts Instagram, Facebook and YouTube.