Әйгілі қарсыласқа әліміз жетпеді

14.02.2012    Views: 592
Source:
Author:
  Өткен аптада Дэвис кубогының 1/8 финалдық бәсекесінде Испания мен Қазақстан теннисшілері күш сынасты. Овьедо қаласында ұйымдастырылған кездесуде корт иелерінің жеңіске жететініне ешкім күмәнданған жоқ еді. Себебі испандықтардың құрамы өте мықты. Және де олар аталмыш жарыстың бас жүлдесін бір емес, бірнеше мәрте олжалаған. Былтырғы жылы да Пириней түбегінің түлектері қарсылас шыдатпаған болатын.
 
  Қазақстан құрамасы, әрине, ондай табыстарымен мақтана алмайды. Алайда біздің жігіттерді де осал деп айтуға ауыз бармайды. Соңғы жылдары жерлестеріміз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Ең бастысы, 2011 жылы алғаш рет Дэвис кубогының элиталық тобында күш сынасу құрметіне ие болған отандастарымыз алғашқы айналымда Чехия теннисшілерін ұтып, әлемдегі үздік сегіз команданың қатарына қосылды. Бұл да үлкен ауыз толтырып айтарлықтай табыс екені анық.

  Овьедодағы жарыстың шымылдығы Хуан Карлос Ферреро мен Михаил Кукушкин арасындағы кездесумен ашылды. Жерлесіміз былтырғы жылдан бері ғана тәуір ойын өрнегін көрсетіп, биыл Австралияның ашық біріншілігінде төртінші айналымға дейін жетті. Бұл 24 жастағы Кукушкиннің спорттық ғұмырындағы әзірге ең ірі табысы. Осы көрсеткішінің арқасында ол әлемдік рейтингте 61 орынға дейін көтерілді. Ал қарсыласының атағы алысқа жайылған. Ферреро 2003 жылы Ролан Гарросты ұтып, АҚШ-тың ашық біріншілігінің ақтық сынында өнер көрсетті. Осындай толағай табыстың арқасында әлемдік көшті бастады. Сонымен қатар ол 15 рет АТР турнирлерінде топ жарған. Қазіргі кезде 32 жастағы Хуан Карлос АТР тізімінде 48 орында тұр. Бұл матч өте тартысты өтті. Қос мықты әбден тіресіп, таразы басы бірнеше сағат бойы теңселіп тұрды. Әйтсе де шешуші сәтте сәл ширақ қимылдаған Ферреро жеңіске жетті. Есеп - 3:2 (6:1 4:6 7:6 4:6 6:4).

  Іле-шала Николас Альмагро мен Андрей Голубев өз өнерлерін ортаға салды. 24 жастағы отандасымыз осыдан екі жыл бұрын әлемдік рейтингте 33 орында тұрған. АТР турнирлерінде үш рет финалға шығып, бір мәрте жеңімпаз атанды. Соңғы уақытта Голубев қарқынын біраз бәсеңдетіп алды. Қазір ол 132 орында. Ал Альмагроның қазір айдарынан жел есуде. 26 жастағы Испания теннисшісі әлемнің 11 ракеткасы. 2008 және 2010 жылдары Ролан Гарростың ширек финалында ойнады. «Үлкен дулыға» санатындағы өзге жарыстарда төртінші айналымға дейін жетті. АТР турнирлерінде 10 рет жеңімпаз атанды. Бұл бәсекеде Альмагроның асығы алшысынан түсті - 3:1 (6:3 4:6 6:1 6:1) Келесі күні жұптық сайыстар өтті. Біздің Михаил Кукушкин-Евгений Королев және Марсель Гранольерс-Марк Лопес жұбымен күш сынасты. Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз еді. Жеңсек, үміт пайда болады. Жеңілсек, жарыс жолынан шығып қаламыз. Өкінішке қарай, қазақстандық жұп ел сенімін ақтай алмады - 0:3 (2:6, 3:6, 1:6). Жексенбіде Николас Альмагро Евгений Королевті ұтты - 2:0 (6:3, 6:4). Одан кейін Хуан Карлос Ферреро мен Андрей Голубев айқасты. Бұл тарыста да испандықтың мерейі үстем болды - 2:1 (6:3, 6:7, 6:3). Қорытынды есеп - 0:5.

  Осы жеңістің арқасында Испания құрамасы ширек финалға жолдама алды. Сөйтіп, олар жергілікті жанкүйерлерімен қоса, өздерінің командалық әріптесі Хуан Карлос Феррероға үлкен сый жасады. Дәл сол күні, яғни 12 ақпанда айтулы теннисші 32 жасқа толды. Ал Қазақстан құрамасы келесі жылы Дэвис кубогының элиталық тобында қалу үшін жуық арада тағы жарыс жолына шығады.

 

For more information, please follow our social media accounts Instagram, Facebook and YouTube.

Federation partners

Information partners