Мықтының аты – қашанда мықты
15.02.2012 Views: 616
Source:
Author:
Source:
Author:
Өткен жұма, сенбі және жексенбі күндері үлкен теннистен Қазақстан құрама командасы Дэвис кубогы жолындағы кездесулерін өткізді. Қазақстандықтардың бірінші кезеңдегі қарсыластары осы кубоктың өткен жылғы жеңімпазы – Испания құрамасы еді. Былтыр қазақстандықтар да жақсы өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жеткен болатын. Бірақ бұл жолы жеребе бойынша бірден әлемдегі ең мықты құрамаға тап болып, жеңілістің ащы дәмін татуға тура келді. Сөйтіп, сенсация орын алмады. Есеп барлық кездесулердің қоры-тындысы бойынша – 5:0.
Алғашқы болып кортқа Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин шыққан еді. Оның қарсыласы тәжірибелі теннисші Хуан Карлос Ферреро болатын. Бұл кездесу аса тартыстылығымен ерекшеленді. Жалпы, ойын 5 сетке жалғасып, Дэвис кубогы жолындағы бәсекелерде ұзақтығы жөнінен Қазақстан рекорды жаңарды. Қос теннисші кортта төрт жарым сағаттан астам уақыт ойнады. Нәтижесінде 3:2 есебімен испаниялық теннисші жеңіске жетті.
Екінші кездесуде еліміздің екінші ракеткасы Андрей Голубевке үміт артылған-тын. Бірақ қазақстандық спортшы сүреңсіз ойын көрсетіп, үш сетте таза жеңілді. Жалпы, бұл жекпе-жекте А.Голубевтің көптеген қателіктер жібергенін атап көрсеткен жөн. Осылайша, екі кездесуден кейін есеп 2:0 испандықтардың пайдасында еді.
Ендігі мәселе қосарланып өнер көрсететін теннисшілерімізге тірелген еді. Бірақ олар да жанкүйерлер үмітін ақтамады. Евгений Королев пен Юрий Щукин қарсыластарына еш қарсылық көрсете алмай, оңай ұтылды. Сөйтіп, жалпы есеп 3:0-ге жетті. Бұл Қазақстан құрамасы жарыс жолынан шығып қалды дегенді білдіретін еді.
Ойын тағдырын шешпейтін қалған екі кездесуде де испан шеберлерінің мерейлері үстем болды. Евгений Королев әлемнің 11-ші ракеткасы Николас Альмагроға есе жіберді. Есеп – 3:0. Ал Андрей Голубев те шеберлік деңгейі орташа Марсель Гранольерстің алдында дәрменсіздік танытты. Бұл ойында қазақстандық бір сетте ғана қарсыласынан басым түсе алды. Жалпы есеп 3:1 болып, испандықтың пайдасына шешілді.
http://www.egemen.kz/?p=327598
For more information, please follow our social media accounts Instagram, Facebook and YouTube.