КҮННІҢ НЕГІЗГІ СҰХБАТЫ - Фрэнсис Тиафо

27.10.2020    Оқылғаны: 1049
Дереккөз:
Автор: Қазақстан теннис федерациясы
Big Foe лақап атымен танымал Фрэнсис Тиафо АТР 250 Astana Open турниріне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген сәттен қазақстандық жанкүйерлерге фаворит атанды.

Ол 2013 жылы 5 жасында арман еткен OrangeBowl (Оранджбоул) титулына ие болды. Ал 2014 жылы жасөспірімдер рейтингінде 2 орыннан көрініп, кәсіби турда алғашқы 1-ші рейтингтік ұпайды өз есебіне жазды. 2019 жылы мансабындағы ең жағарғы рейтингтік сатыға көтеріліп, әлемнің 29-ракеткасы атанды.
 
20 жасында Фрэнсис Делрей-Бичте (АҚШ) Энди Роддик өз титулын ұтып алғаннан кейінгі мерзімде турдағы америкалық ең жас чемпион атанды.



1996 жылы Сьерра-Леоннан АҚШ-қа қоныс аударған Тиафо үшін бұл жол оңайға тиген жоқ.  Бала кезінен АҚШ-ғы Мэриленд штатының Колледж-Паркінің болашақ чемпиондарға арналған теннис орталығында алғашқы қадамдары жасады. Әкесі осы орталықта техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы қызметінде болатын. Сондықтан ол өмірін тенниспен байланыстырғанын уақытының көп бөлігін осы орталықта өткізуімен түсіндіреді. 

22 жастағы Тиафо Astana Open турниріндегі жарыс жолын сәтті бастады. Ол  6:3, 6:2 есебімен Корентин Мутені тізе бүктірді. Осылайша осыдан екі апта бұрын  Forte Village Sardegna Open (Форте  Вилладж Сарденья Опен) турниріндегі жеңілісі үшін есе қайтарды.



«Риясыз сұхбат» форматында Фрэнсис қазақстандық журналист Динара Байқадамовамен әңгімелесті.
Қазан айында қар көріп, таңғалдым

Қазан айында қар жауғанын көремін деп мүлдем ойламаған екенмін. Таңғалдым. Мен Колумбия өңіріндегі Вашигтоннан келдім. Біздің елде де қар бар, бірақ қазан айында қар болмайды. 

Теннис өз ортасына оралды. Қазіргі бабыңызға сүйеніпмаусым туралы не айтасыз?

Пандемиядан кейінгі маусым мен үшін жаман болған жоқ. Айналадағы жағдай мен талап күшейтілгеніне қарамастан жарысқа оралу жақсы сезім. Өзімнің сүйікті спортыма оралғаныма қуаныштымын. Теннис тұрғысынан алғанда бұл жыл маған айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Жыл басында ұпай жоғалту оңай тимегенімен, қазір мен ақырындап өз бабыма оралып келемін.

Ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін бабыңызға келу қиын болған жоқ па?

АҚШ ашық чемпионатының (US Open) ойындарына оралған кездегі сезім бір-түрлі болғаны рас. Отбасымен бірге өткізген күндер тамаша болатын, анам күнде дәмді ас әзірлейтін. Бейқам өмірге тез үйреніп, өзімнің кәсіби спортшы екенімді ұмытып кеткендеймін. Бірақ бұның бәрі қазір артта қалды.  .
Балалық шақтан кейін мен үйде көп бола бермейтінмін. Ал бұл жолы үйде 5 ай болдым, 2 айға жуық жаттыққаным жоқ. Жуырда әкеммен теннисті ұзақ уақыт ойнамағаным туралы әңгімелестік. Босаңсу болады, бірақ мен теннисті сағындым.

Осы аптадағы мүмкіндіктеріңіз туралы не айтасыз?

Әзірге бәрі ойдағыдай. Теннисшілердің барлығы кіл мықтылар, кез-келгені ойламаған жерден таңғалдыруы мүмкін. Өзіме келетін болсам Ritz Carlton қонақ үйінің (ресми қонақ үй) қонақжайлығы қатты ұнады. Көбірек осында болғым келеді. Жексенбі күні өтетін финалға жетемін деп үміттенемін.

Сіздің спорттық тарихыңыз шабыттандырады. Жанкүйерлеріңізге айтарыңыз бар шығар?

Тек қана алға, дамуды тоқтатпаңыз. Қоршаған ортамды шабыттандыруға, олардың сенімдерін арттыруға себеп болғаныма бақыттымын. Жақсы көңіл-күйді міндетті түрде ұстану қажет. Менің кеңесім: сүйікті ісіңізді тастамаңыз, ертең бүгінгі күннен де үздік бол. Нәтижені емес, жүрген жолыңызға көңіл бөліңіз. 



Жанкүйерсіз өтіп жатқан жарыстар туралы не айтасыз?

Біз жанкүйерлерді жақсы көреміз. Жаһандық пандемия жағдайды өзгертіп жіберді, бірақ біз осындай кезеңде қауіпсіздікке мән берген федерацияның алаңдауын бағалаймыз. Сіздер тамаша турнир ұйымдастырдыңыздар, бізге ұпай еселеуге, ақша табуға мүмкіндік бердіңіздер, біз федерацияның еңбегін жоғары бағалаймыз.

Қазақстандық ойыншылар туралы пікіріңізбен бөліссеңіз?

Мен қазақстандық теннисші жігіттердің ойынын сүйсініп қарар едім. Мен екі рет Бубликке қарсы ойнадым, мықты қарсылас. Біз бірге өстік, сондықтан мен оның қаншалықты жақсы ойнайтынын білемін.

Қазақстан және біздің елге сапарыңыз туралы атсаңыз

Мен қаланы тек автокөлік терезесінен бақыладым. Сыртқа шығып қаланы аралауға, серуендеуге болмайтыны өкінішті, себебі астананың өте әдемі екені даусыз. Пандемия аяқталғаннан кейін мен міндетті түрде оралғым келеді.
Сіздердің қамқорлықтарыңыз қатты ұнайды. Сіздер жалпы барлығын жоғары деңгейде ұйымдастырасыздар. Ойыншылардың өздерін өз үйінде жүргендей сезуіне бар күштеріңізді салып жүрсіздер. Мен расымен де бақыттымын. Рахмет!
 
 

Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер