Браво, Елена! Рыбакина Australian Open-2023 турнирінің финалисті

28.01.2023    Оқылғаны: 613
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалында дүниежүзілік рейтингіде 5-орында тұрған Беларусь теннисшісі Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салды.

Бұған дейін қазақстандық теннисші Уимблдон чемпионы атанса, қарсыласы «Үлкен дулыға» турнирінің финалына алғаш рет шығып отыр.

Спортшылардың екеуінің де бойлары ұзын, олар доп бергенде, эйсті көп жасайды әрі соққыларын қайтару қиын. Алғашқы екі геймде солай болды да. Дегенмен, есеп 1:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты. Белоруссиялық спортшы қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді – 4:4. Бұдан кейін Елена Рыбакина тағы бір брейкпен бірге өз геймін ала білді – 6:4.

Екінші партияда А. Соболенко брейкпен алға кетті – 3:1. Сосын өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте белоруссиялық теннисші брейк жасай алды. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Осылайша, А. Соболенко алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды.

Елена Рыбакина мен Булат Өтемұратов - Аустралия Опен 2023
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Еленаның осынау табысына орай өз пікірін білдірді.

«Мен Еленаға жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл – елімізде теннистің табысты дамып келе жатқанының көрінісі. Australian Open финалына дейін жету – шеберлік пен тұрақтылықтың белгісі. Дода барысында Елена әлемдік рейтингінің көшбасшысы Ига Швентекті, басқа да мықтыларды тізе бүктірді. Олардың үшеуі – «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы. Еленаның түрлі төсеніштегі корттарда өзін еркін сезініп, қарсыласына байланысты тактикасын сауатты құратыны, өз ойынын үнемі жетілдіріп келе жатқаны айқын көрініп тұр. Жылдың сәтті басталуы алдағы жеңістерге жол ашады деп үміттенемін», - деді Б. Өтемұратов.

Бас-аяғы 2 сағат 29 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 9 брейк жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 17 эйс, 3 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина - Аустралия Опен 2023


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер