Юлия Путинцева Astana Open турнирінің финалында жеңіліс тапты

03.10.2021    Оқылғаны: 196
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Қазақстанның екінші, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Astana Open WTA 250 турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Елімізде осындай деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева финалда дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен бас жүлдені сарапқа салды. Бельгиялық спортшы рейтингіде төмен тұрғанымен, елорда турнирінің 2-ракеткасы болып тіркелген еді. Бұған дейін 1995 жылғы Ю.Путинцева WTA додаларында екі мәрте (Нюрнберг, 2019, Будапешт, 2021) чемпион атанса, одан бір жасқа үлкен Эйтванк төрт рет (Квебек, 2017, Будапешт, 2018, Ташкент, Будапешт, 2019) үздік шыққан еді. Қарсыластар өзара төрт рет кездесіп, бәрінде де Юлияның мерейі үстем болған еді. Бұл жолы небәрі 25 минутқа созылған бірінші партияда Путинцева бет қаратпады – 6:1. Әйтсе де екінші сетте Эйтванк брейкпен алға шықты – 2:0. Қазақстандық теннисші таразы басын теңестіргенімен, қарсыласы тағы бір брейкке қол жеткізді – 4:3. Путинцева қайта теңестіргенімен, Эйтванк күш алып кетті – 6:4. Үшінші, шешуші партияда Путинцева жақсы бастағанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Ақыры қарсыласына 3:6 есебімен есе жіберді.


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация демеушілері мен серіктестері

Ақпараттық серіктестер