Анна Данилина Страсбургтегі WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты

20.05.2026    Оқылғаны: 301
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина ресейлік Екатерина Александровамен бірге Францияда өтіп жатқан топырақ кортындағы WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Ширек финалда Қазақстан-Ресей тандемі Фанни Столлар (Венгрия) / Эри Ходзуми (Жапония) жұбынан басым түсті. Тартысты өткен кездесу үш сетке созылып, 7:5, 3:6, 10:6 есебімен Данилина мен Александрованың жеңісімен аяқталды.

Енді финал жолдамасы үшін олар жарыстың басты фавориттері – Габриэла Дабровски (Канада) және Луиза Стефани (Бразилия) жұбына қарсы кортқа шығады.

Әйелдер турының жаңартылған WTA рейтингінде Анна Данилина жұптық сында қайтадан үздік бес теннисшінің қатарына қосылды. Құрама көшбасшысы бірден үш сатыға жоғарылап, енді 6 895 ұпаймен әлемнің 5-ракеткасы атанып отыр. Аннаның бұлай өрлеуіне жақында ғана Римде өткен WTA 1000 турнирі септігін тигізді. Онда отандасымыз америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге ширек финалға дейін жеткен болатын.
 


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер