2021 жылғы 21-28 ақпан және 28 ақпан мен 7 наурыз аралығында Нұр-Сұлтан қаласында ATP Challenger Tour сериясының «FORTE CHALLENGER 100» және «FORTE CHALLENGER 125» халықаралық турнирлері өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 260 400 АҚШ долларын құрайды.
Беделді жарысқа әлемдік рейтингтің үздік жүздігіне енген ойыншылар қатысады. Қазақстан намысын Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Александр Недовесов, Денис Евсеев, Тимофей Скатов, Григорий Ломакин және басқалар қорғайды.
«Қазақстан астанасы ірі жарыстар қабылдайды. Бүкіл әлемде коронавирустық пандемияға байланысты кестедегі матчтардың басым бөлігі тоқтатылғандықтан, Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы Қазақстан теннис федерациясынан бірден екі турнир өткізуді сұрады. Бұл серия Австралия ашық чемпионатында өз өнерін аяқтаған ойыншылар үшін бірден екі үлкен турнирге дайындалуға және қатысуға тамаша мүмкіндік. Біз Қазақстан құрамасының барлық мүшелері қатысады деп күтудеміз. Спортшыларымыз ұпай алуға, рейтингтегі өз позицияларын жақсартуға берілген мүмкіндікті жібермеу керек, ең алдымен бұл олимпиада жолдамасын иелену үшін де маңызды. Біз бұған дейін «челленджер» санатындағы жарыстар өткізген жоқпыз, бұл ойындарда 100 және 125 ұпай ойнатылады. Жоғары деңгейдегі турнир болғандықтан, екі жарысқа да мықты ойыншылардың келуін күтеміз – жарысқа тіркелген спортшылардың есімдері сөзімізге дәлел», - деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.
Турнирді өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жоғары шаралары ескеріліп, ойындар көрермендерсіз және қатаң хаттама аясында өтеді. Қатаң сақталуы тиіс ережеге байланысты спортшылар экскурсияға, мұражайларға барып, қала бойынша серуендей алмайды.
Барлық матчтарды тікелей эфирде WWW.KTF.KZ сайтынан көруге болады. «QAZSPORT» телеарнасы орталық корттағы матчтардың түсірілімін ұйымдастырады (матчтардың басым бөлігі тікелей телеэфирде өтеді), «INSPORT» телеарнасы №1 корттағы барлық матчтарды көрсетеді.
Турнирлердің бас демеушісі – Fortebank.
Турнирлердің ресми серіктестері – Kazzinc, Terra Motors, Aqua Rossa.