
US Open: Тимофей Скатов жарыс жолынан шығып қалды
Қазақстанның екінші, әлемнің 129-ракеткасы Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатында жарыс жолынан шығып қалды.
Аталмыш «Үлкен дулыға» турниріне алғаш рет жолдама алған 22 жастағы теннисшіге бірінші айналымда-ақ мықты қарсылас тап болды.
Әлемнің 13-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минормен ойнаған Скатов бірінші партияда 2:6 есебімен есе жіберсе, екіншісінде есе қайырды – 6:3. Алайда содан кейін екі сет аустралиялық спортшының еншісінде кетті – 6:1, 7:5.
Қазақстанның екінші, әлемнің 78-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 58-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен шеберлік таластырды.
Осыған дейін қарсыластар 2021 жылы Әбу-Дабиде кездесіп, онда Путинцева 6:3, 6:3 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда Юлия бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сетте Мартина 2:0 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 2:2. Тай-брейкте Тревизан сәтті ойнады – 7:6 (7:0). Үшінші, шешуші сетте италиялық теннисші 2:0 есебімен алға кеткенімен, Путинцева қатарынан төрт геймді алды – 4:2. Бірақ қарсыласы да қарап қалмады. Ақыры матч тағдыры тай-брейкте шешілді, есеп 7:6 (10:8), жеңіс италиялықтың еншісінде кетті.
Осылайша, жекелей сында АҚШ ашық чемпионатында Қазақстаннан жекелей сында Елена Рыбакина ғана қалды.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.