Australian Open-2023: Елена Рыбакина алғаш рет финалға жолдама алды

26.01.2023    Оқылғаны: 187
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:

 Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 24-ракеткасы, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, өткен жылы Индиан-Уэллсте (АҚШ) қазақстандық теннисші басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте В. Азаренко брейк жасап, алға кетті. Дегенмен, Елена қатарынан үш геймді алып, есепті 5:3-ке жеткізді. Әйтсе де, өзі доп бергенде, сетболды пайдалана алмады. Тай-брейкте Елена дегеніне жетті – 7:6 (7:4).

Екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 2:1. Тағы бір брейк – 5:2. Дегенмен, Елена матчқа доп бергенде, В. Азаренко қайыра брейк жасады. Бірақ, қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен матчты түйіндеді – 6:3.

Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Е. Рыбакина 9 эйс жасап,11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.

Елена финалда әлемнің 5-ракеткасы, тағы бір белоруссиялық Арина Соболенко немесе рейтингіде 45-сатыдағы Польша өкілі Магда Линеттің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер