Australian Open: Тарихи жеңіс! Елена Рыбакина алғаш рет жартылай финалға шықты

24.01.2023    Оқылғаны: 499
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 17-ракеткасы, Ролан Гаррос турнирінің 2017 жылғы чемпионы, латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездесіп, екеуінде де латвиялық спортшы басым түскен еді.

Бұл жолы Рыбакина Род Лейвер атындағы орталық аренада өткен матчты брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:1. Содан кейін сетке доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.

Екінші партияда есесіне Остапенко брейкпен алға кетті – 2:0. Дегенмен қазақстандық теннисші сол бойда таразы басын теңестіріп қана қоймай, өзі алға шықты – 4:2. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Осылайша, бұған дейін Уимблдон чемпионы атанған Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Елена финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула немесе кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір 24-орында тұрған Беларусь өкілі Виктория Азаренконың біреуімен таласады.


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер