United Cup: Қазақстан - Польша матчында Тимофей Скатов таразы басын теңестірді
Аустралияның Брисбен қаласында United Cup командалық турнирі аясында Қазақстан - Польша матчы өтіп жатыр.
Кортқа бірінші болып әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентек пен дүниежүзілік рейтингіде 51-орында тұрған Юлия Путинцева шықты.
Бұл ойында Швентек 6:1, 6:3 есебімен басым түсті. Содан кейін әлемнің 142-ракеткасы Тимофей Скатов пен рейтингіде 260-сатыдағы Даниэль Михальски шеберлік байқасты. 2 сағат 10 минутқа созылған тартысты бәсекеде Скатов 7:6 (9:7), 6:2 есебімен жеңіске жетті. Тимофей 3 эйспен бірге 10 брейктің екеуін өз есебіне жазды.
Осылайша, Қазақстан - Польша матчында есеп теңесті – 1:1.
Екі ел теннисшілерінің арасындағы бәсеке ертең жалғасады. Александр Бублик Хуберт Гуркачпен (10 АТР), Жібек Құламбаева Магда Линетпен (48 WTA) сынға түседі. Топтық бәсекенің соңғы ойынында А. Бублик пен Ж. Құламбаева И. Швентек - Х.Гуркачпен кездеседі.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған United Cup командалық жарысында Қазақстан Швейцариямен бірінші матчта еш қайран қыла алмай, 0:5 есебімен жеңіліп қалды.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.