Заңғар Нұрланұлы жылдың үздік шетелдік ойыншысы
Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы Еуропа теннис қауымдастығының (Tennis Europe Tour) «Жылдың үздік шетелдік ойыншысы» аталымымен марапатталды. 14 жасар Заңғар жылды Еуропадағы үздік 10 теннисшінің қатарында аяқтады.
Биыл Заңғар жекелей және жұптық сында екі реттен жарыс жеңімпазы атанды. Оған қоса Франциядағы беделді турнирдің финалына дейін жетті.
«Аталған марапатты алғаныма өте қуаныштымын. Жыл бойы жақсы өнер көрсетуге тырысып, әр додаға бар күшімді салдым. Өз бапкерлерім мен үлкен қолдау жасаған Қазақстан теннис федерациясына алғысымды айтқым келеді. Алдағы жылы маған жасөспірімдер арасындағы ITF турнирлерінде ойнауға тура келеді. Онда да намысты қолдан бермеймін», - деді Заңғар Нұрланұлы.
Өткен жылы осы аталым бойынша тағы бір қазақстандық Зара Дәркен үздік шыққан болатын.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.
13.01.2025
ҚТФ баспасөз қызметі