Еуразия жүрегіне жиналған жұлдыздар шоғыры

12.10.2022    Оқылғаны: 262
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Қазақстан теннисінің жаңа тарихы көз алдарыңызда жазылды. Елордада АТР 500 – Astana Open додасы дүркіреп өтті. Бұл жарыстың абыройы «Үлкен дулыға» мен «Мастерс» жарыстарынан сәл ғана кем тұр демесеңіз, қатысушылар тұрғысында асып түсті. 9 күнге созылған бәсекені «Үлкен дулығаны» 21 рет жеңген әлемнің 7 ракеткасы Новак Джокович жеңді. Ол финалда грекиялық Стефанос Циципастан басым түсті. 35 жастағы сербиялық спортшы үшін бұл марапат биылғы жарыстар кестесіндегі 4 титулы болды. Сондай-ақ АТР санатындағы 90 жеңісі болып тіркелді. Ал Токио Олимпиадасы мен биылғы Уимблдонның жеңімпаздары, хорватиялық Никола Мектич пен Мате Павич жұптасу бәсекесінде бас жүлде иемденді. Олар финалда франциялық Адриан Маннарино мен Фабрис Мартен жұбынан озып түсті.

Жарыс жайлы бірнеше қызықты ақпараттарды келтіре отырсақ:

Көрермендер:

ATP 500 Astana Open жарысын «Beeline Arena» ұлттық теннис орталығында отырып 38 000 көрермен тамашалаған.

АТР 500 санатындағы 13 турнир

Халықаралық кәсіпқой теннисшілер қауыдастығы (АТР) 2022 жылға АТР 500 санатындағы 13 турнирді ұйымдастыруды жоспарлады. Оның жеңімпаздары қомақты сыйақыдан бөлек 500 рейтингтік ұпай еншілейді.

Азиядағы ірі үш жарыс

2022 жылы Азия құрлығында АТР 500 деңгейінде үш қана жарыс өтті. Ол ең алдымен Дубай қаласындағы - Dubai Duty Free Tennis Championships, Астанада өткен -Astana Open және Жапониядағы - Rakuten Japan Open Tennis Championships додалары.

Қатысушылар құрамы

Астанадағы АТР 500 Astana Open додасына «Үлкен дулығаның» 5 жеңімпазы қатысты. Олар: Новак Джокович, Карлос Алькарас, Даниил Медведев, Марин Чилич және Станислас Вавринка. Жарысқа қатысуға ТОП 10 қатарына жататын 5 теннисші тіркелді. Ал ТОП 20 қатарына енетін тағы 5 теннисші болғанын да айта кетейік. Қазақстанда өткен жарыстың қатысушылары «Үлкен дулыға» мен «Мастерс» жарыстарынан еш кем түскен жоқ.

Олимпиада чемпиондары

ATP 500 Astana Open жарысына Олимпиада чемпионы атанған 4 спортшы қатысты. Мысалы Станислас Ваврина 2008 жылы Роджер Федерермен бірге жұптасу бәсекесінде топ жарды және Андрей Рублев микстте Токио Олимпиадасының чемпионы атанды. 2020 жылғы Олимпиада чемпиондары Никола Мектич/Мате Павич жұбының да атақ-дәрежелері сондай.

Азиядағы жабық кешендегі жалғыз жарыс

АТР 500 Astana Open додасы Азия құрлығында өткен жабық кешендегі алғашқы әрі жалғыз жарыс.

БАҚ өкілдері:

41 телеқұқық таратушы компания әлемнің 167 еліне көрсетілім жасады. Жарысты АҚШ, Бразилия, Канада, Германия, Франция, Жапония секілді алпауыт елдерден бөлек, Суринам, Кайман аралдары, Сент-Киттс және Невис, Франциялық Гвиана елдері де тамашалады.

Одан бөлек ESPN, Sky, Eurosport, Amazon, Reuters, Tennis Channel секілді алпауыт телеарналар жаңалықтар таратты. Ал өзіміздің елдің ішінде Qazsport және Insport, «Хабар», «31 арна» және El Arna көрсетті. Оларды күнделікті рейтинг бойынша 2,2-2,4 миллионға жуық телекөрермен қараған.

ATP 500 Astana Open додасын: L’equipe, La gazzetta dello sport, Tennis world USA, New York Times, ATP.com, Srbja Sports, Spigel, Коммерсантъ, Gotennis.ru, Championat.com, Sports.ru секілді газет-журналдар жазды. Жарысқа Қазақстан тарапынан 63, ал шетелдік басылымдардан 23 журналист тіркелді.

Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация демеушілері мен серіктестері

Ақпараттық серіктестер