Astana Open: Жартылай финалда Новак Джокович пен Даниил Медведев кездеседі
Сербиялық Джокович «Үлкен дулыға» турнирін 21 рет ұтса, Медведевтің 2021 жылы АҚШ ашық чемпионатында үздік шыққаны белгілі.
Новак Джокович сенбі күнгі ойынның өте тартысты өтетінін жасырмады.
«Екеуміз де қорғаныста жақсымыз. Даниил қарсыласын жүгіртуге мәжбүр етеді, әсіресе, сол жақтан соққанда, қауіпті, артқы шепте де жақсы ойнайды. Мен ұзақ доп алмасуға дайынмын. Жалпы, Астана турнирі өте жақсы ұйымдастырылған. Мұнда бәрі күшті, тамаша отель, дәмді тамақ, корттарда барлық жағдай жасалған. Жарыста ТОП-10-ға кіретін ойыншылардың басы қосылған, сондықтан бәсеке өте мықты», - деді Н.Джокович.
Новак ширек финалда ресейлік Карен Хачановты 6:4, 6:3 есебімен ұтса, Даниил испаниялық Роберто Баутиста-Агуттан айласын асырды – 6:1, 6:1.
Екінші жартылай финалда әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципас пен рейтингте 9-орындағы тағы бір ресейлік Андрей Рублев шеберлік байқасады.
Циципас ширек финалда әлемнің 10-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачты жолдан тайдырды – 7:6 (10:8), 6:3. Ал Рублев франциялық Адриан Маннаринодан басым түсті – 6:1, 6:2.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.