
Елена Рыбакина Словениядағы турнирдің финалында ұтылып қалды
Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Порторож (Словения) WTA 250 турнирінің финалында жеңіліп қалды.
Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 82-орында тұрған чехиялық Катержина Синяковамен бас жүлде үшін таласты.
Бірінші партияда Рыбакина қос брейк жасап, 5:0 есебімен алға кеткенімен, Синякованың таразы басын теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды – 5:5. Бірнеше сет-пойнтты да пайдалана алмады. Дегенмен тай-брейкте қарсыласын тығырыққа тірей білді – 7:6 (7:4).
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасағанымен, чехиялық теннисші сол бойда есе қайырды – 4:4. Бұл жолы тай-брейкте Синякова сәтті ойнады – 7:6 (7:5).
Үшінші, шешуші сетте Синякова брейкпен алға кетті – 4:2. Содан соң Е.Рыбакина есепті теңестіргенімен, чехиялық ойыншы қайта брейк жасады. Ақыры ол матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.
Бұған дейін Рыбакина сегіз рет WTA додаларының финалына шығып, соның екеуінде ғана үздік шыққан еді.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























