Жібек Құламбаева биылғы бесінші титулына қол жеткізді
Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Италияда өткен ITF W25 турнирінің жеңімпазы атанды.
22 жастағы Ж. Құламбаева латвиялық Дарья Семенистаямен бірге финалда қытайлық Джинг Лю - босниялық Анита Вагнерді 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Кездесу бір сағаттан астам уақытқа созылды.
Осылайша, Жібек биылғы маусымда ITF жарыстарында бесінші титулына қол жеткізді. Ол спорттық жолында жұптық сында барлығы 19 рет үздік шықты. Оған қоса, жекелей сында екі мәрте чемпион атанды.
Сондай-ақ, қазақстандық жасөспірімдер Бакуде 14 және 16 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe додасында табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, Team Kazakhstan академиясының түлектері Демид Горбачев пен Мансұр Шәкен жұптық сында ешкімді шыдатпады. Олар соңғы бәсекеде ирандық Кираш Ханифи - түркиялық Барук Сиваслиден айласын асырды – 6:2, 6:2. Жекелей сында Демид финалда түркиялық Бугра Озкочқа есе жіберді – 2:6, 4:6.
Бакуде Ариана Гогулина мен Аружан Нұранбай финалда ресейліктер Влада Гурелева - Ульяна Храбаветцке жол берді – 2:6, 4:6. Жекелей сында Ариана тартысты матчта В. Гурелевадан ұтылды – 1:6, 6:4, 0:6.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.