
Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан тобында ширек финалға шыққан командалар анықталды
Шотландияның Глазго қаласында өтіп жатқан Дэвис кубогының топтық бәсекесінде Қазақстан құрамасы өнер көрсететін D тобынан ширек финалға шыққан командалар анықталды.
Нидерланд құрамасы Ұлыбританияны 2:1 есебімен ұтып, командалық әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Бұл матчта Нидерландқа шешуші ұпайды жұптық бәсекеде Весли Колхоф пен Матве Мидделкоп әперді. Олар ұлыбританиялықтар Энди Маррей – Джо Солсбериді жеңді – 7:6 (7:0), 6:7 (6:8), 6:3.
Осыған дейін нидерландылықтар Қазақстан құрамасынан басым түскен болатын. Ал АҚШ Қазақстан мен Ұлыбританиядан айласын асырған еді.
Сөйтіп, 18 қыркүйек күні өтетін Қазақстан – Ұлыбритания матчының нәтижесіне қарамастан, америкалықтар мен нидерландылықтар ширек финалға жолдама алды. Бүгін олардың өзара бәсекесінде D тобында қай команданың бірінші орын алатыны белгілі болады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.