
Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының ширек финалына шыға алмады
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының ширек финалына шыға алмады.
Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жарыстың 8-ракеткалары болып тіркелген еді. Қазақстандық-бразилиялық жұп үшінші айналымда доданың 10-ракеткалары, америкалық Николь Меличар-Мартинес – аустралиялық Эллен Переспен шеберлік байқасты.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде америкалық-аустралиялық дуэт 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Жасөспірімдерден Аружан Сағындықова жарыс жолын жалғастыруда. Іріктеу сайыстарынан өткен ол чемпионаттың алғашқы айналымында бүгін америкалық Лив Ховдемен кортқа шығады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























