Дэвис кубогы: Қазақстан Сербиямен матчты жеңіспен бастады

02.12.2021    Оқылғаны: 284
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Мадридте Дэвис кубогының ширек финалында Қазақстан мен Сербия құрамалары күш сынасуда, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Бірінші болып кортқа Қазақстаннан дүниежүзілік рейтингте 182-орында тұрған, биыл 34-ке толатын тәжірибелі Михаил Кукушкин, Сербия сапынан әлемнің 69-ракеткасы, 22 жастағы Миомир Кецманович шықты. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған алғашқы партияда бірден брейк жасаған сербиялық спортшы 2:0 есебімен алға кеткенімен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестіре білді. Тай-брейкте М.Кукушкин сәтті ойнай алды – 7:6 (7:4). Екінші сетте қазақстандық спортшы брейкпен алға шықты – 3:1. Сегізінші геймде М.Кецманович есепті теңестірді – 4:4. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:4. Үшінші, шешуші партияны да сербиялық теннисші қарқынды бастады – 2:0. Алайда ол есеп 5:3 болғанда, матчболын пайдалана алмады. Ақыры тай-брейкте М.Кукушкин жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11). Аса тартысты өткен матч 3 сағат 18 минутқа созылды.

Осылайша М.Кукушкин Қазақстанды алға шығарды. Есеп – 1:0. Қазақстан – Сербия матчында енді әлемнің 1-ракеткасы Новак Джокович пен рейтингте 36-сатыдағы Александр Бублик шеберлік байқасады. Содан соң жұптық бәсекеге кезек келеді.


 


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация демеушілері мен серіктестері

Ақпараттық серіктестер