Александр Недовесов жұптық сында Киев турнирінің финалына ал Тимофей Скатов жекелей сында жартылай финалына шықты

11.09.2021    Оқылғаны: 113
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Киев челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Недовесов пен бразилиялық Орландо Луж жартылай финалда чилилік Фернандо Гонсалес – америкалық Стив Джонсонмен кездесті. Қазақстандық-бразилиялық жұп 1 сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Недовесов пен Луж 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыластары бір ғана брейкпен шектелді. Сенбі күні қазақстандық-бразилиялық жұп турнирдің 2-ракеткалары, украиналық Денис Молчанов – Сергей Стаховскиймен бас жүлдені сарапқа салады.

Дүниежүзілік рейтингте 299-орында тұрған Т.Скатов ширек финалда әлемнің 283-ракеткасы, португалиялық Нуно Боргеспен күш сынасты. Бірінші партияда тай-брейкте португалиялық теннисші әбжілдік танытты – 7:6 (7:5). Дегенмен бұдан кейін қазақстандық спортшы ойын тізгінін қолына ала білді – 6:4, 6:4. Үш сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Т.Скатов 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 6 эйс, 3 брейкке (16 брейк-пойнт) қол жеткізді. Т.Скатов финалға шығу үшін рейтингте 291-сатыдағы италиялық Франко Агаменонемен таласады.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко жекелей сында жартылай финалға шыға алмады. Ол түркиялық Ерги Киркинмен өткен ширек финалдық матчта есеп 4:6, 0:1 болғаннан кейін жарысты жалғастырудан бас тартты.


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация демеушілері мен серіктестері

Ақпараттық серіктестер