
Қазақстан – Аргентина матчында есеп теңесті
Кортқа бұл жолы Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина аргентиналық, дүниежүзілік рейтингте небәрі 430-орында тұрған Мария Лурдес Карлемен шықты. Бұл кездесуде қазақстандық теннисші сөзсіз фаворит саналғанымен, ойын басқаша өрбіді. Бірінші партияда алдымен Е.Рыбакина брейкпен алға шықты – 2:0. Алайда қарсыласы таразы басын теңестіріп қана қоймай, есеп 3:3 болған мезетте брейк жасап кетті. Сосын басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:4. Екінші сетте Елена қос брейкке қол жеткізіп, есепті 4:0-ге жеткізді. Бұдан кейін аргентиналық теннисші қарымта қайырып, есепті қысқартты – 3:4. Дегенмен Рыбакина тағы бір брейктен кейін сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана білді – 6:3. Үшінші, шешуші партияда корт иесі 3:0 есебімен алға кетті. Күн ыстық болған соң ба, өзін жайсыз сезінген Рыбакина медициналық көмекке де жүгінді. Ал аргентиналық спортшы қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:0. Бәсеке 2 сағат 17 минутқа созылды.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.