Қазақстан – Аргентина матчының жеребесі тартылды

15.04.2021    Оқылғаны: 510
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде өтетін Қазақстан – Аргентина матчының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Аргентинаның Кордова қаласында 16-17 сәуір күндері өтетін матчтың алғашқы бәсекесінде Юлия Путинцева корт иесі, түбі украиналық Надя Подороскамен кездеседі. Бұл жұп жұма күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20.00-де сынға түседі. Өткен жылы Ролан Гаррос турнирінде айды аспанға шығарып, жартылай финалға дейін жеткен Н.Подороска Аргентинаның бірінші ракеткасы саналады. Сол айтулы додада Ю.Путинцеваны да ұтып кеткен болатын. Ол қазір дүниежүзілік рейтингіде 45-інші, ал Ю.Путинцева 30-орында тұр. Бұл ойын біткеннен кейін Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакинаға кезек келеді. Ол Аргентинаның екінші ракеткасы Мария Лурдес Карлені сынап көреді. Сенбі күні Н.Подороска – Е.Рыбакина, М.-Л.Карле – Ю.Путинцева және жұптық сында Ярослава Шведова мен Анна Данилина – Н.Подороска мен М.-Л.Карле кездесулері жоспарланып отыр. Сенбі күнгі ойындар сағат 19.30-да басталады. Қазақстан – Аргентина матчын «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде сондай-ақ Украина – Жапония, Польша – Бразилия, Британия – Мексика, Сербия – Канада, Латвия – Үндістан, Румыния – Италия, Нидерланды – Канада матчтары өтеді. Жеңімпаздар шешуші іріктеу кезеңіне жолдама алады. Оған биылғы финалда 3-10 орын алған командалар қосылады. Содан кейін 2022 жылғы финалдық бәсекеге жолдама алған құрамалар анықталады.


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация демеушілері мен серіктестері

Ақпараттық серіктестер