
Александр Бублик Almaty Open турнирінде Карен Хачановты жеңді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Алматыдағы Almaty Arena кешенінде өтіп жатқан ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Ширек финалда жарыстың үшінші нөмірлі теннисшісі Александр Бублик бесінші нөмірмен тіркелген Карен Хачановпен кездесті. Тартысты өткен үш сеттік матч қазақстандық спортшының жеңісімен аяқталды — 4:6, 7:6 (7:5), 7:6 (7:5).
Алғашқы партияда Хачанов қарсыласының сервисін бір рет бұзып, осы басымдықтың арқасында 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте Бублик ойын қарқынын арттырып, өз сервисінде сенімді әрекет етті. Партия тағдыры тай-брейкте шешіліп, қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басым түсті.
Шешуші сетте де екі ойыншы бір-біріне есе жібермей, жоғары деңгейдегі ойын көрсетті. Әсіресе, қос теннисші де допты ойынға қосуда сенімді өнер көрсетті. Кездесу барысында Бублик 21 эйс орындаса, Хачанов сегіз рет допты қарсыласы қайтара алмайтындай етіп ойынға қосты. Жалпы матчта 29 эйс тіркелді.
Үшінші партия да тай-брейкке ұласты. Маңызды сәттерде Александр дәл әрі сенімді ойнап, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Матчтан кейін Бублик кездесудің шешуші сәттері туралы пікір білдірді.
«Екінші сеттің соңында, сондай-ақ үшінші партияның шешуші кезеңінде бірнеше маңызды ұпайды өте жақсы ойнадым. Сондықтан нәтижеге өте қуаныштымын. Бұл кездесуде кез келгеніміз жеңіске жете алар едік. Өйткені матч өте тартысты өтті және екеуміз де допты ойынға жақсы қостық», — деді Бублик.
Сонымен қатар, Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға он жылға жуық уақыт бойы қатысып келе жатқан теннисші елдегі теннистің дамуына да тоқталды.
«Қазақстандағы теннистің дамуын нақты көрсеткіштерден көруге болады. Қол жеткізілген жетістіктер шынымен де таңғаларлық. Алдағы уақытта бұл спорт түрі елімізде одан әрі дамып, ауқымы кеңейіп, деңгейі жоғарылай түсетініне сенімдімін», — деп атап өтті Александр.
Осылайша, Александр Бублик өз елінде өтіп жатқан Almaty Open ATP 250 турнирінің жартылай финалына шығып, чемпиондық атақ үшін күресін жалғастырады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























