
World Tennis президенті Дэвид Хаггерти II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды
Мемлекеттік награданы табыстау рәсімі 13 қазанда Алматыдағы World Tennis AGM Бас ассамблеясы аясында өтті.
Награданы мемлекет басшысының атынан Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыстады. Бұл марапат Дэвид Хаггертидің спорт арқылы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан көпжылдық үлесіне көрсетілген құрмет ретінде берілді.
II дәрежелі «Достық» орденімен – қоғамдық келісімді сақтау жолында, сондай-ақ халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген ерен еңбегі үшін марапатталады.
Салтанатты рәсім Қазақстан Президентінің Бас ассамблея қатысушыларына жолдаған үндеуінен басталды. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды делегаттар алдында Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып, ресми ассамблея шымылдығын түрді.
Үндеуде Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форумның Алматыда өтуі әлемдік теннис қауымдастығының Қазақстанға деген сенімі мен құрметі деп қабылдайынын айтып, World Tennis ұйымымен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың маңызына тоқталды:
«Осы беделді халықаралық форумның Алматыда өтуі әлемдік қауымдастықтың елімізге деген зор сенімі мен құрметін көрсетеді. Біз үшін мұндай мойындау — үлкен мәртебе.
Осы мақсаттарға жету үшін World Tennis ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Бүгінгі жыл сайынғы Бас ассамблея серіктестігімізді одан әрі нығайтуға және осы спорт түрін бүкіл әлемде дамытуға ықпал ететініне сенімдімін».
Қазақтың қонақжайлығы мен құрметінің белгісі ретінде Қазақстан теннис федерациясының президенті, World Tennis вице-президенті Болат Өтемұратов Дэвид Хаггертидің иығына шапан жапты.
World Tennis AGM іс-шаралары 10–13 қазан аралығында Алматыда өтеді. Форум 137 елден келген 262-ден астам делегатты қамтиды.
Бүгін, 13 қазанда, форумның стратегиялық отырысы - World Tennis Бас ассамблеясы өтіп жатыр. Онда әлемдік теннисті одан әрі дамытудың басым бағыттары талқылануда.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























