
Жібек Құламбаева мен Анна Данилина Испанияға қарсы матч туралы пікір білдірді
Қазақстандық теннисшілер Жібек Құламбаева мен Анна Данилина Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіндегі Испанияға қарсы ширек финалдың шешуші жұптық кездесуіне қатысты пікір білдірді.
Жұптық матчта Құламбаева мен Данилина Кристина Букша мен Сара Соррибес Тормоға 2:6, 5:7 есебімен есе жіберді. Үш кездесудің қорытындысы бойынша Испания құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Құламбаева қазақстандық жұптың алғашқы сетте өз ойын бірден көрсете алмағанын, алайда екінші партияда қарқынын арттырып, матч барысын өзгертуге бірнеше мүмкіндік болғанын атап өтті.
«Менің ойымша, бірінші сетте ойынға кеш кірістік және өзіміз қалаған деңгейде ойнай алмадық. Екінші сетті әлдеқайда жақсы бастадық. Бізде көптеген мүмкіндік пен брейк-пойнт болды. Әр ұпай үшін күресуге дайын болдық. Кейбір геймдер 20 минутқа жуық созылды, сондықтан үнемі жоғары қарқынды сақтап тұру оңай болған жоқ. Өкінішке қарай, мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық», — деді Құламбаева.
Анна Данилина да матч барысында пайдаланылмаған мүмкіндіктер көп болғанын айтып, сонымен қатар Қазақстан құрамасының турнирдегі нәтижесіне тоқталды.
«Өте қиын матч болды. Бізде көптеген мүмкіндік болды, бірақ, өкінішке қарай, оларды пайдалана алмадық. Әрине, кездесудің осылай аяқталғаны өкінішті. Біз барымызды салып, соңына дейін күрестік, алайда бүгін ойлағанымыз жүзеге аспады. Дегенмен біз финалдық кезеңге жолдама алып, әлемнің үздік сегіз құрамасының қатарына ендік. Бұл — өте жақсы нәтиже. Біздің командамыз шынымен де мықты, мен әрқашан құрамамызға сенемін», — деді Данилина.
Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогындағы өнерін ширек финалда аяқтады. Бұған дейін жекелей кездесулерде Соня Жиенбаева Джессика Бузас Манейроға 2:6, 2:6 есебімен жол берсе, Юлия Путинцева Кристина Букшаны 6:2, 3:6, 6:1 есебімен жеңген болатын.
Ешбір турнирден қапы қалмауыңыз үшін, Beeline үй интернеті тиімді бағамен 24 сағатта қосылады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























