Елена Рыбакина Цинциннати турнирін жеңіспен бастады

16.08.2026    Оқылғаны: 130
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:

Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің екінші айналымында жеңіске жетті.

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған және турнирде екінші нөмірмен тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымнан босатылған болатын. 1/32 финалда ол WTA рейтингінің 94-сатысындағы америкалық Тейлор Таунсендпен кездесті.

Матч екі сетке созылып, Рыбакинаның 6:3, 6:4 есебімен жеңісімен аяқталды.

Теннисшілер кортта 1 сағат 19 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена бес эйс жасап, бір қос қателікке жол берді және төрт брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.

Үшінші айналымда қазақстандық теннисші Польша өкілі Магдалена Френхпен (WTA №41) кездеседі. Ол өз кезегінде турнирден латвиялық Елена Остапенконы (WTA №30) шығарды.

Айта кетейік, өткен жылы Рыбакина Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің жартылай финалына дейін жеткен болатын. Биыл қазақстандық теннисші 390 рейтингтік ұпайын қорғауы тиіс.



Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер