
Қазақстан теннис федерациясы Safeguarding қағидаттарын енгізуде
Астанадағы «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығында жаттықтырушылар мен жас теннисшілерге арналған Safeguarding бойынша білім беру семинары өтті. Іс-шараны Қазақстан теннис федерациясының (ҚТФ) қызметкерлері өткізді.
Семинардың негізгі мақсаты — қатысушыларды спортта қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың басты қағидаларымен таныстыру. Safeguarding — балалар мен жасөспірімдерді түрлі қолайсыз әрекеттерден қорғауға, сондай-ақ жаттығулар мен жарыстар кезінде қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған шаралар кешені.
Кездесу барысында ҚТФ мамандары жаттықтырушылармен жас спортшылармен жұмыс істеу кезіндегі кәсіби шекаралар, балалармен дұрыс қарым-қатынас орнату, сондай-ақ жаттығулар, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар кезіндегі мінез-құлық ережелерін талқылады. Сонымен қатар бала қандай да бір мәселе туралы айтқан немесе алаңдаушылық туғызатын жағдай орын алған кезде жаттықтырушының қалай әрекет етуі керектігіне ерекше назар аударылды.
Жас теннисшілер үшін семинар түсінікті әрі интерактивті форматта ұйымдастырылды. Спортшыларға жеке шекаралар, бір-біріне құрметпен қарау және жаттығу, жарыс немесе сапар кезінде қолайсыздық немесе қауіп сезімін тудыратын жағдай орын алса, кімнен көмек сұрауға болатыны түсіндірілді.
Осындай білім беру іс-шаралары Қазақстан теннис федерациясының балалар мен жасөспірімдер спортында қауіпсіздік мәдениетін дамыту бағытындағы жұмысының бір бөлігі болып табылады. ҚТФ әрбір жас спортшының жаттығуы мен жарысы қауіпсіз, қолайлы және өзара құрметке негізделген ортада өтуі үшін осы бағыттағы жұмысты жалғастырады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

























