Шымкенттегі «Челленджер» турнирінің жұптық сын бойынша финалистері анықталды

24.04.2026    Оқылғаны: 408
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Шымкент корттарында өтіп жатқан ATP Challenger 50 сериясындағы турнирдің жұптық сынында жартылай финалдық кездесулер аяқталды. Ойын күнінің қорытындысы бойынша бас жүлдеге таласатын жұптар анықталды.

Алғашқы матчта америкалық-ресейлік тандем Дали Бланш пен Святослав Гулин қазақстандық Денис Евсеев пен молдовалық Раду Алботтың жұбын қапы қалдырды. Кездесу екі сетте 6:4, 6:2 есебімен аяқталды. Евсеев пен Алботтың мол тәжірибесіне қарамастан, қарсыластары жинақы ойын көрсетіп, финалға жолдама алды.

Екінші жартылай финалда Германия өкілдері Макс Вискандт пен Макс Ханс Ребергтің мерейі үстем болды. Олар екі партия қорытындысы бойынша Йелле Селс (Нидерланды) пен Бувайсар Гадамаури (Бельгия) жұбынан басым түсті. Есеп – 6:4, 6:4.

Денис Евсеев жарыс жолынан шыққаннан кейін, турнир кестесінде жалғыз отандасымыз қалды. Жекелей сында жарыстың бірінші ракеткасы Тимофей Скатов (№198 АТР) жартылай финалдық кедергіден сүрінбей өтіп, шешуші матчта өзбекстандық Сергей Фоминмен (№359 АТР) кездеседі. Отандық жанкүйерлер үшін бұл финал – турнирдің басты интригасы.
 


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер