
Жібек Құламбаева Қытайдағы турнирдің финалына шықты
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Қытайдың Баотоу қаласында өтіп жатқан ITF W50 сериясындағы турнирдің финалына шықты. Жұптық сында отандасымыз ресейлік Екатерина Рейнгольдпен бірге жартылай финалдық кездесуді сәтті өткізді.
Шешуші кезеңнің жолдамасы сарапқа салынған бәсекеде Құламбаева мен Рейнгольд Жаньсю Хань (Қытай) және Эми Жу (АҚШ) жұбына қарсы тұрды. 1 сағат 8 минутқа созылған матч қазақстандық-ресейлік тандемнің пайдасына шешілді. Есеп – 7:5, 6:1.
Ойын статистикасына сүйенсек, Жібек пен Екатерина бес брейк-пойнтты сәтті пайдаланып, өз геймдерінің тек біреуінде ғана қарсыластарға жол берген. Сондай-ақ, олар үш эйс жасап, доп беруде төрт рет қосарланған қателік жіберді.
Енді финалда Құламбаева мен Рейнгольд екінші жартылай финалдың жеңімпаздарымен бас жүлдені сарапқа салады. Ол сында Дилетта Черубини (Италия) / Ченги Юань (Қытай) жұбы мен жергілікті теннисшілер Мэйки Го / Цзин-Цзин Лу жұбы бақ сынасады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























