Тимофей Скатов Шымкент корттарында нағыз мінез көрсетіп жартылай финалға өтті

23.04.2026    Оқылғаны: 372
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Шымкентте өтіп жатқан ATP Challenger 50 сериялы турнирінің ең тартысты матчтарының бірі аяқталды. Жарыстың бірінші ракеткасы, Қазақстан өкілі Тимофей Скатов аса қиын өткен кездесуде жеңісті жұлып алып, жекелей сында чемпиондық атақ үшін күресті жалғастыруда.

Беларусь өкілі Даниил Остапенковқа (ATP №675) қарсы матч турнирдің фавориті үшін нағыз төзімділік сынағына айналды. Әр ұпай үшін жан алысып, жан беріскен теннисшілер кортта үш сағаттан астам уақыт өткізді. Алғашқы партияда тай-брейкте есе жіберген Скатов екінші сетте ойын тағдырын өз пайдасына шеше білді. Шешуші кезеңде қазақстандық спортшы салқынқандылық танытып, қорытынды есепте 6:7 (4:7), 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Жартылай финалға шыққан өзге үміткерлер: 
  • Антуан Гибодо (Франция, ATP №325): ширек финалда нидерландық Йелле Селсті (ATP №447) ұтты.
  • Андрей Недич (Босния және Герцеговина, ATP №285): америкалық Дали Бланшты (ATP №346) сенімді түрде жеңді.

Жартылай финалдың соңғы жолдамасын дәл қазір Сергей Фомин (Өзбекстан, ATP №359) мен Макс Вискандт (Германия, ATP №686) сарапқа салып жатыр.

Жұптық сын бойынша турнирде ел намысын қорғап жатқан жалғыз өкіліміз – Денис Евсеев. Ұлттық құрама мүшесі бүгін тәжірибелі молдовалық Раду Алботпен (ATP №453) бірге ширек финалдық кездесуін өткізеді. Оларға Эрги Киркин (Түркия) мен Андрей Недич (Босния және Герцеговина) жұбы қарсы тұрмақ.
 


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер