Александр Бублик Монте-Карло ширек финалында әлемнің үздігі Карлос Алькараспен кездеседі

09.04.2026    Оқылғаны: 453
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Монте-Карло корттарындағы жеңісті жолын сенімді жалғастыруда. Беделді «Мастерс» турнирінің үшінші айналымында Бублик (№13 АТР) чехиялық Иржи Лехечкаға (№13 АТР) еш мүмкіндік қалдырмады.

Кездесу 6:2, 7:5 есебімен отандасымыздың айқын жеңісімен аяқталды. 1 сағат 15 минутқа созылған ойында Александр жоғары деңгейдегі теннис үлгісін көрсетті: 5 эйс жасап, небәрі бір рет қана қосарланған қателік жіберді. Жеті брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланған Бублик матч барысын толық бақылауда ұстады.

Бұл нәтиже Қазақстан құрамасының көшбасшысы үшін тарихи көрсеткіш болды. Осыған дейін Александр Монте-Карлодағы «Мастерс» додасында екінші айналымнан әрі асып көрмеген еді.

Енді жартылай финал жолдамасы үшін Бублик әлемнің бірінші ракеткасы – испаниялық Карлос Алькараспен шеберлік байқасады. Алда бізді нағыз мінез бен жоғары деңгейдегі теннис бәсекесі күтіп тұр.
 


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер