Алматы алғаш рет Батыс және Орталық Азия жаттықтырушыларының өңірлік конференциясын қабылдайды

06.08.2026    Оқылғаны: 533
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:

2026 жылғы 17–19 қазан аралығында Алматыдағы ЦСКА теннис клубының базасында Батыс және Орталық Азия жаттықтырушыларының өңірлік конференциясы өтеді. Мұндай ауқымдағы халықаралық шара алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азия өңірінде ұйымдастырылып, аймақтың жаттықтырушылары, сарапшылары мен халықаралық теннис қауымдастығының өкілдерін бір алаңға жинайды.

Конференция өңірдегі жаттықтырушыларға арналған ең ірі білім беру алаңдарының біріне айналады. Қатысушылар спортшыларды даярлаудың заманауи әдістемелерімен танысып, әріптестерімен тәжірибе алмасып, әлемнің жетекші мамандарының дәрістері мен практикалық сессияларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Конференцияда Любляна университетінің спорт факультетінің профессоры әрі World Tennis ұйымының халықаралық тьюторы Алеш Филипчич (Словения), Кельн неміс спорт университетінің жаттықтырушысы және ғылыми қызметкері Филипп Борн (Германия), World Tennis ұйымының білім беру бөлімінің менеджері Риан Крюгер, Батыс Азия аймағы бойынша теннисті дамыту жөніндегі офицер Амир Боргеи, сондай-ақ әлемдік теннистегі дене дайындығы бойынша ең танымал мамандардың бірі Марко Паники (Италия) өз тәжірибелерімен бөліседі. Паники ұзақ жылдар бойы Новак Джоковичтің командасында жұмыс істеп, Янник Синнермен де ынтымақтастық орнатқан.

Қазақстан атынан Халықаралық теннис федерациясының үшінші деңгейдегі ресми лекторы әрі оқытушысы, ұлттық жаттықтырушылар курстарының үйлестірушісі Ирина Чичмарова және жұптық сындағы «Үлкен дулыға» турнирлерінің жеңімпазы, Қазақстанның жұптық сындағы бұрынғы бірінші ракеткасы Ярослава Шведова сөз сөйлейді.

Конференцияның толық бағдарламасы, баяндамалар тақырыптары және өзге де шақырылған спикерлер туралы ақпарат кейінірек жарияланады.

Қатысушылардың ресми келу күні – 16 қазан. Конференция 17–19 қазан аралығында өтеді, ал ресми кету күні – 20 қазан.

Қатысушылар үшін екі түрлі қатысу пакеті ұсынылған. Құны 150 000 теңге болатын толық пакетке Mildom Residence қонақүйінде төрт түн тұру (екі орындық бөлмеде), тамақтану, трансферлер, конференцияның барлық бағдарламасына қатысу, естелік сыйлықтар және осы күндері өтетін Almaty Open ATP 250 турнирінің матчтарына билеттер кіреді. Сонымен қатар құны 100 000 теңге болатын «Тек конференция» пакеті ұсынылады. Оның құрамына конференция бағдарламасына қатысу, тамақтану, естелік сыйлықтар және турнир матчтарына билеттер кіреді.

Тіркелу екі кезеңнен тұрады. Алдымен World Tennis Academy платформасы арқылы тіркеліп, 50 АҚШ доллары көлеміндегі тіркеу жарнасын төлеу қажет. Одан кейін Қазақстаннан қатысатын жаттықтырушылар KazPin Coach жүйесіндегі жеке кабинеті арқылы өздеріне қажетті пакетті брондап, төлем жасай алады.

Өтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 4 қыркүйекке дейін жалғасады. Тіркеуден ақысыз бас тарту 18 қыркүйекке дейін мүмкін. Осы мерзімнен кейін төленген қаражат қайтарылмайды, алайда қатысушыны сол жыныстағы басқа жаттықтырушымен алмастыруға рұқсат етіледі.



Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.



Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер