
Мемлекет басшысы «Дәулет» теннис орталығына барды
Елорда нысандарын аралау барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Дәулет» МКҚК теннис орталығының қызметімен танысты.
Кешенде 600 бала, олардың ішінде 85 оқушы бюджет есебінен жаттығады. Сондай-ақ мұнда 57 спорттық-сауықтыру тобы жұмыс істейді.
«Дәулет» орталығы – елордадағы балалар ең көп баратын, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар спортшыларды да қамтитын әлеуметтік-спорттық нысандардың бірі.
Биыл мамыр айында орталық базасында Азия құрлығында алғаш рет Virtus World Tennis Championship 2025 – ақыл-ой кемістігі бар спортшылар арасында теннистен әлем біріншілігі өтті.
Айта кетейік, 2007 жылдан бері еліміз бойынша 364 хард және топырақ жабыны бар корттардан тұратын 38 теннис орталығы салынды. Соңғы 17 жылда инвестицияның жалпы көлемі 150 миллион АҚШ долларынан асты. Қазақстан теннис федерациясы сондай-ақ балаларды ерте жастан тенниске баулу үшін жүздеген жаттықтырушылар мен нұсқаушыларды даярлады. Соңғы бес жыл ішінде Халықаралық теннис федерациясының (ITF) сертификатына ие жаттықтырушылардың саны екі есеге жуық өсіп, 400-ден асты.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.