
Уимблдон: Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алды
Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты.
Отандасымыз төртінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар өзара төрт рет кездескен, есеп тең еді - 2:2. Бұл жолы Калинская матчты брейкпен бастады - 2:0. Бірақ Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті алды - 6:3.
Екінші партияда Елена 3:0 есебімен алға шыққаннан кейін Калинская бәсекені жалғастырудан бас тартты. Небәрі 50 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, Украина өкілі Элина Свитолинамен кездеседі.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























