
Ролан Гаррос турнирі: Рыбакина Токиода кеткен есені қайтарып, ширек финалға шықты
Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі төртінші айналымда Филипп Шатрье кортында дүниежүзілік рейтингіде 2017 жылы үшінші орынға дейін көтерілген, қазір 19-сатыда тұрған украиналық Элина Свитолинаға қарсы келді.
Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде украиналық теннисші басым түскен еді. Соның ішінде Токио олимпиадасында қола жүлде үшін бәсекеде Свитолинаның бағы жанған-ды.
Бұл жолы спортшылар матчты брейк алмасумен бастады. Есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина тағы бір брейкпен алға шықты – 4:2. Содан кейін сетке доп бергенде, сәтті ойнады – 6:4.
Екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Есепті 4:1-ге жеткізгенімен, Свитолина да барынша тырысып бақты – 3:4. Дегенмен Рыбакина матчты брейкпен түйіндеді – 6:3.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, италиялық Ясмине Паолини немесе рейтингіде 70-орындағы ресейлік Элина Аванесянның қай жеңгенімен шеберлік байқастырады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.


























