Теннистен Дэвис кубогі: Аргентинамен матчта Тимофей Скатов екінші жеңісіне қол жеткізді
Росарио қаласында Дэвис кубогі іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Аргентина матчы жалғасуда.
Жарыстың екінші күні жұптық сында Александр Недовесов – Дмитрий Попко аргентиналықтар Максимо Гонсалес – Андрес Мольтенимен кортқа бірінші болып шықты.
Аргентиналық дуэт бір-біріне әбден үйлескен теннисшілер еді. Сондықтан олардың фаворит болып саналуы заңды болатын.
Соған қарамастан, бірінші партияда қазақстандық жұп тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:3).
Екінші сет қарсыластардың брейк алмасуымен басталды. Содан кейін қазақстандықтар тағы бір брейк жасап, алға шықты – 3:1. Алайда аргентиналық жұп таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті жеңіспен аяқтады – 6:4.
Олар шешуші, үшінші партияда да 2:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:0.
Екі сағат 40 минутқа созылған тартыста бәсекеде Недовесов – Попко 2 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Гонсалес – Мольтени 2 эйспен бірге 6 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Осылайша, матчта Аргентина 2:1 есебімен алға шықты.
Бұдан кейін дүниежүзілік рейтингіде 278-орында тұрған Тимофей Скатов пен әлемнің 22-ракеткасы Франсиско Серундоломен шеберлік байқасты.
Бірінші партияны қарқынды бастаған корт иесі 3:0 есебімен алға кетті. Есеп 5:3 болып, сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Тай-брейкте Скатов айқын басымдылық танытты – 7:6 (7:1).
Екінші сетте қазақстандық теннисші есепті 4:1-ге жеткізді. Бірақ матчқа доп бергенде, Серундоло қайыра брейк жасап кетті. Дегенмен Скатов брейкпен нүкте қойды – 6:4.
Екі сағат 2 минутқа созылған матчта Скатов 2 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді. Серундоло 3 эйс, 2 брейктен (3 брейк-пойнт) аса алмады.
Осылайша, Тимофей Скатов ерлік жасап, Қазақстан – Аргентина матчында қос бірдей азулы қарсыласын жеңіп, таразы басын қайта теңестірді.
Есеп – 2:2. Матч тағдыры бесінші кездесуде шешіледі.
BeeHome+ қосып, басты теннис турнирлерді тікелей эфирде көріңіз!
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.