Елена Рыбакина Дохада әлемнің 1-ракеткасына жол берді
Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің финалында жеңіліп қалды.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездессе, соның үшеуінде Рыбакина жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшы екі брейк жасап, 4:1 есебімен алға кеткенімен, азулы қарсыласы қарап қалмады – 4:4. Рыбакина тағы бір брейк жасап, сетке доп бергенімен, ол мүмкіндігін пайдалана алмады – 6:6. Сосын тай-брейкте есе жіберді – 6:7 (8:10).
Екінші сетте Швентек брейкпен алға шықты – 3:1. Содан кейін есепті 5:2-ге жеткізді. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.
Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсекеде Елена 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды.
Енді Рыбакина алдағы аптада Дубайда дәл осындай жарыста бақ сынайтын болады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.