Теннистен Дэвис кубогі: Қазақстан – Аргентина матчын Тимофей Скатов есепті теңестірді
Росарио қаласында Дэвис кубогі іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Аргентина матчында Тимофей Скатов таразы басын теңестірді.
Корт иелері ең күшті ойыншыларын шығарғандықтан, матчтың айқын фавориттері аргентиналықтар еді.
Жарыстың бірінші күні алдымен АТР рейтингісінде 338-орында тұрған Дмитрий Попко әлемнің 22-ракеткасы Франсиско Серундоломен сынға түсті.
Бәсеке Серундолоның басымдылығымен өтті – 7:5, 6:2.
Екінші болып кортқа рейтингіде 278-орындағы Тимофей Скатов әлемнің 28-ракеткасы Томас Мартин Этчеверримен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Скатов есеп 5:4 болған мезетте брейк жасай алды – 6:4.
Екінші сетте есеп 6:5 болған мезетте Тимофей тағы бір брейк жасап, жеңісті жұлып алды – 7:5.
Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Скатов эйс жасамағанымен, 7 брейк-пойнттың екеуін сәтті пайдаланды. Қарсыласы 5 эйспен ғана көзге түсті.
Осылайша, Қазақстан – Аргентина матчында есеп теңесті – 1:1.
BeeHome+ қосып, басты теннис турнирлерді тікелей эфирде көріңіз!
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.