Недовесов: Аргентина теннисшілерімен кездесуге психологиялық тұрғыда дайын болу керек

02.02.2024    Оқылғаны: 574
Дереккөз:
Автор: Пресс-секретарь

3-4 ақпан күндері Росарио қаласында Аргентинамен өтетін Дэвис кубогының іріктеу ойыны қарсаңында Александр Недовесов өз ойымен бөлісті.

– Александр, қазіргі құрама сапында көп кездесу өткізген тәжірибелі ойыншылардың бірісізегер жұптық және жекелей сында шығуға тура келсе, оған дайынсың ба?

– Әрине, жекелей сында да ойнауға тура келсе, маған оңайға тимейтіні анық. Бірақ капитан біреуді ауыстыру керек десе, оған әр уақытта дайын болу қажет. Сондықтан бұған да әзірмін.

– Топырақ төсенішіндегі корт Аргентина ойыншыларының оң жамбасына көбірек келеді. Ал өздеріңде қандай артықшылықтар бар?

– Ең алдымен қайсарлық керек. Алдағы матчта жанкүйерлер, мықты қарсылас, топырақ төсеніші – бәрі бізге қарсы болмақ. Ең бастысы, өз ойыныңды көрсетіп, бар шеберлігіңді салып, жеңуге тырысу қажет. 

– Қарсылас құрама сапында жұптық сында ойнайтын теннисшілер анықталды ма? 

– Оларда бір-біріне мықты үйлесетін Гонсалес – Мольтени бар. Бұл жұп өткен маусымды жоғары деңгейде өткізді. Бұдан бұрын Андрей Голубев екеуміз олармен екі рет ойнап, тартысты бәсекеде есе жібердік. Олардың деңгейін, күшті жақтарын білеміз. Тағы да қайталап айтайын, аргентиналық жанкүйерлер өз ойыншыларын қатты қолдайды, соған психологиялық тұрғыда дайын болуымыз керек. 

– Сырт алаңда өнер көрсеткен кезде нені ескеру керек? 

– Бастысы, салқынқандылық танытып, әр ұпай үшін күресу қажет. Сәтті өнер көрсете бастасаң, бұл олардың жанкүйерлеріне кері әсер етеді. Осыны пайдалана білсең жеңіске жетуге мүмкіндік көп болады. 

BeeHome+ қосып, басты теннис турнирлерді тікелей эфирде көріңіз!


Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер