
Теннистен ӘЧ: Қазақстан құрамасы Аустралияға жол берді
Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде Қазақстан құрамасы жеті дүркін әлем чемпионы Аустралиядан ұтылды
Шешуші, жұптық бәсекеде кортқа Анна Данилина – Юлия Путинцева және Сторм Хантер – Эллин Перес шықты.
Бірінші партияда аустралиялық жұп айқын басымдылық көрсетті – 6:1.
Қазақстандықтар екінші сетті де брейк жасап, сәтті бастағанымен, сол қарқынды жалғастыра алмады. Дегенмен бұл партияға тағы бір брейкпен нүкте қойды – 6:4.
Супер тай-брейкте аустралиялық дуэт жеңісті жұлып алды – 10:5.
Жалпы есеп – 2:1, Аустралияның пайдасында.
Ертең Қазақстан құрамасы Словениямен шешуші матч өткізеді. Словения бұған дейін Аустралияны 2:1 есебімен тізе бүктірген еді. Сондықтан қазақстандықтарға словениялықтарды 3:0 есебімен жеңуі керек. Сонда ғана жарысты жалғастыра алады.
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.