
Дэвис кубогі: Болгариямен матчта Тимофей Скатов Қазақстанды алға шығарды
София қаласында Дэвис кубогінің плей-офф матчында Қазақстан мен Болгария құрамалары ойнап жатыр.
Алғашқы болып Қазақстанның екінші, әлемнің 123-ракеткасы Тимофей Скатов пен дүниежүзілік рейтингте 179-орында тұрған Димитар Кузманов кортқа шықты.
Бірінші партияда корт иесі 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде Скатов 3:0 есебімен алға кеткенімен, болгариялық спортшы таразы басын теңестірді. Дегенмен, Тимофей мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Содан кейін шешуші, үшінші сетте бәсекені жеңіспен түйіндеді – 6:3.
Екі сағат 47 минутқа созылған кездесу барысында Скатов 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 2 эйс, 4 брейкпен көзге түсті.
Осылайша, есеп – 1:0, Қазақстан пайдасында.
Қазақстан ерлер құрамасының демеушілері - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамы және Sport Qory спортты қолдау қоры
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.