Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин: Дэвис кубогінде күтпеген нәтиже де болуы мүмкін

15.09.2023    Оқылғаны: 569
Дереккөз: ҚТФ баспасөз қызметі
Автор:

Дэвис кубогінің плей-офф кезеңінде 16-17 қыркүйекте Софияда өтетін матчқа орай Қазақстан және Болгария теннис құрамаларының капитандары өз ойларын ортаға салды.

Қазақстандықтар капитаны Юрий Щукин қарсыласты бағаламауға жол бермеу керектігін атап өтті.

«Біз алдағы матчқа толықтай дайынбыз. Алдын ала келіп, корт пен осындағы жағдайға бейімделдік. Болгария құрамасы өз көшбасшысы Григор Димитровсыз ойнауы мүмкін, соған қарамастан, құрамы күшті. Дэвис кубогі – командалық ойын, сондықтан күтпеген нәтиже де болуы мүмкін. Біз қолдан келгеннің бәрін жасап, келесі кезеңге өтуге бар күшімізді саламыз», деді Щукин баспасөз мәслихатында.

Болгария капитаны Валентин Димов Қазақстан құрамасын бәсекенің фавориті деп есептейді.

«Қазақстан мол тәжірибесімен және мықты құрамымен ерекшеленеді. Сондықтан біз оны фаворит деп санаймыз. Димитровтың жоқтығы туралы айтсақ, бәрі де күнтізбеге байланысты. Әлемдік рейтингте жоғары көтерілуге мүмкіндік беретін жарысқа қатыспауға болмайды. Дегенмен жеребеге дейін әлі уақыт бар, нақтысы кейін белгілі болады», деді Димов.

Қазақстан ерлер құрамасының демеушілері - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамы және Sport Qory спортты қолдау қоры

Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

Федерация серіктестері

Ақпараттық серіктестер