
Анна Данилина микстен АҚШ чемпионы атанды
Қазақстандық Анна Данилина микстен алғаш рет АҚШ чемпионы атанды.
Анна Данилина аралас жұпта финалда финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге жарыстың 1-ракеткалары, америкалықтар Джессика Пегула – Остин Крайчекпен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық-финляндиялық жұп сол басымдықты сақтап қалды – 6:3.
Олар екінші сетті де брейкпен бастағанымен, америкалықтар таразы басын теңестірді – 2:2. Содан кейін Анна мен Харри тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4. Олар бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
.jpeg)
Осылайша, Анна Данилина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет микстен «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанды.
Марапаттау рәсімінде Данилина қарсыластарын жақсы ойынмен құттықтап, серіктесіне ризашылығын білдіріп, жанкүйерлерге, турнирді ұйымдастырушыларға және өз командасына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. «Мен бүгін осында тұрған Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа және бүкіл федерацияға Қазақстандағы теннисті қолдағаны және дамытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Бұл керемет мүмкіндік және мен тарихта бірінші рет осы атаққа ие болғанымызға қуаныштымын!»- деді Анна.
Болат Өтемұратов сонымен қатар Анна Данилина жеңіп алған атаққа пікір білдірді: «Бұл Аня Данилинаның «Үлкен Дулыға» турниріндегі алғашқы жеңісі және қазақстандық теннистің кезекті табысы! Анна-еліміздің жұптағы ең үздік ойыншысы және оның жетістігі Данилина Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болатын «Билли Джин Кинг кубогы» командалық әлем чемпионатына сенімдірек қарауға мүмкіндік береді. Өткен жылы ол Australian Open финалында ойнады, бірақ сол кезде ол серіктесімен өкінішке орай жеңілді. Тәжірибе, табандылық және ойынның жоғары деңгейі оған қазір финдік теннисші Харри Хелиёваарамен бірге миксте үздік болуға мүмкіндік берді. Аннаның шеберлігі артып келе жатқанын көруге болады. Бұл қазіргі жетістік соңғысы емес екеніне сенуге мүмкіндік береді және ол әлі де болашақта көптеген жеңістерге жететін болады!»
Қазақстан теннисінің барлық оқиғаларынан хабардар болыңыз, сайттағы жаңалықтардан ақпарат алыңыз және Instagram, Facebook және YouTube арналарындағы әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз.

























